Ертіс орманында сирек кездесетін түйесіңір өсімдігі табылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өсімдік ғылыми тұрғыдан мамандардың қызығушылығын тудырып отыр. Құрамында флавоноидтар мен өзге де биологиялық белсенді қосылыстар көп болады.
«Ертіс орманы» табиғи резерватының қызметкерлері тарандар тұқымдасына жататын өсімдіктің жаңа түрі анықталғанын мәлім етті.
- Маралды орманшылығы аумағында алғаш рет түйесіңір өсімдігі (Atraphaxis frutescens (L.) Evers) көзге түсті. Ол - тарандар тұқымдасына (Polygonaceae) жататын көпжылдық бұта. Табылған өсімдік ғылыми тұрғыдан қызығушылық тудырып, резерват флорасының түрлік құрамына қатысты мәліметтерді толықтырады, - деп хабарлады резерваттан.
Қазіргі уақытта ботаникалық зерттеулер мен өсімдік жамылғысына мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Түйесіңір еліміздің шөлейтті, тасты-тақырлау жерлерінде, тау бөктерлері мен құрғақ далалық аймақтарда кездеседі. Әсіресе, Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс және орталық-солтүстік бөліктеріндегі қуаң экожүйелерде өседі.
Мамандардың айтуынша, аталған өсімдіктің ең маңызды ерекшелігі - құрамында флавоноидтар мен өзге де биологиялық белсенді қосылыстар бар.
Бұған дейін Ертіс орманында сирек кездесетін тарғақ құсы көзге түскенін жазғанбыз.