«Ертіс орманында» жабайы жануарларға қысқы азық орындары дайындалып жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Орманшылар түз тағыларына азық ұйымдастыруды «биотехникалық іс-шара» деп атайды. Биыл резерват бойынша 61 азықтандыру орны бар.

«Ертіс орманында» жабайы жануарларға қысқы азық орындарын ұйымдастыру басталды
Фото: Ертіс орманы

«Ертіс орманы» резерватында қысқы табиғатқа және жануарлар әлеміне қамқорлық жасау жұмыстары үзілген емес. Қазіргі уақытта қысқы биотехникалық іс-шаралар аясында жануарларды азықпен қамтамасыз ету және аумақты бақылау шаралары жүргізіліп жатыр.

«Ертіс орманында» жабайы жануарларға қысқы азық орындарын ұйымдастыру басталды
Фото: Ертіс орманы

— Аңшылықтанушылар жабайы жануарлар үшін биыл 25 тонна шөп, 3000 дана бұтақ бумаларын, 600 килограмм тұз дайындады. Қыста жануарлар жүретін соқпақ жолдар анықталып, сол маңдағы ағаштарға азық ілінеді. Бұл тәсіл, әсіресе елік, бұғы, қоян секілді аңдар үшін тиімді. Резерват аумағында 61 арнайы азықтандыру алаңы бар. Қыста қар қалың болған уақытта, боран соққанда мұндай азық орындары жануарлардың қоректенуіне мүмкіндік береді, — деп хабарлады резерваттан.

«Ертіс орманында» жабайы жануарларға қысқы азық орындарын ұйымдастыру басталды
Фото: Ертіс орманы

Айрықша қорғалатын орман аумағында аңшылықтың барлық түріне қатаң тыйым салынған. Мұнда сүтқоректілердің 21 түрі, құстың 90, бауырымен жорғалаушылардың 3 және 32 жәндік түрі тіркелген. Орманда Қызыл кітапқа енген орман сусары да мекендейді.

Еске сала кетейік, Ресей Федерациясының Новосібір облысы тарапынан Павлодар өңіріне еліктердің жаппай көші-қоны байқалып отыр. Жануарлардың біразы Новосібірдің Қарасуық ауданындағы көлде қатқан мұздан өте алмай қырылған.

Соңғы жаңалықтар