Ертіс өзенінде балықтардың уылдырық шашу кезеңі қалай жүреді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысындағы су айдындарында 15 сәуір — 30 мамыр аралығында балықтың кез келген түрін аулауға тыйым салынады.

Уылдырық шашу кезеңіне байланысты енгізілетін табиғат қорғау іс-шарасы туралы «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ-нің Павлодар облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы Самал Темірболатова әңгімелеп берді.
— Самал Балташқызы, енді бір аптадан соң өңірімізде балық аулауға тыйым салынатыны мәлім. Балықтардың уылдырық шашу кезеңі қалай өрбиді?
— Бұл тыйым ең әуелі су жануарларының уылдырық шашу кезеңіне қолайлы жағдай тудыру мақсатында қолға алынады. Уылдырық шашу — балықтардың өміріндегі ерекше кезең. Сәуірдің ортасынан таяз жерлерде су жылына бастайтыны белгілі. Ал уылдырық үшін судың қолайлы температурасы аса маңызды. Дейтұрғанмен әр балық түрінің көбеюіне қоршаған ортаның түрлі факторлары әсер етеді. Тұщы суда тіршілік ететін балықтардың көпшілігі көктемнің екінші айынан жаздың басына дейін уылдырық шашады.

Алғашқылардың бірі болып шортан, алабұға, кейінірек табан, көксерке балықтары кіріседі. Ал көктемнің соңында тұқы, оңғақ және т. б. балықтар көбеюдің қамын жасай бастайды. Балықтың әр түрінің арнайы уылдырық шашатын жерлері болады. Мәселен, шортан, табан, тұқы, көксерке және басқалары негізінен өзендердің жайылмаларында жиналады. Зерттеуші ғалымдар балықтардың биылғы уылдырық шашу кезеңінде табиғи өзгерістер байқалмайтынын айтып отыр. Негізі бұған қатысты су жануарларында 5 кезең жүреді. Соның бесінші сатысына жеткенде уылдырықтарын шаша бастайды. Қазір Ертіс өзеніндегі балықтар бесінші сатыға жетіп қалды.
— Облыстағы өзен-көлдерде балықтың неше түрі бар?
— Аймағымызда жергілікті маңыздағы — 180, республикалық маңыздағы 9 су айдыны бар. Соның ішінде Ертіс — еліміздегі ең ұзың өзен ғана емес, ол балық шаруашылығын дамытуға, балық ресурсын көбейтуге ең қолайлы су артериясы. Өңірдегі су айдындарын 20-ға жуық, Ертіс өзенін 12-ден астам балық түрі мекендейді. Олар — көксерке, сазан (тұқы), шортан, нәлім, рипус, алабұға, торта, мөңке, аққайран, табан, оңғақ. Бұларды аулауға жыл сайын арнайы лимиттер бөлінеді. Сондай-ақ Ертіс өзенінде сирек кездесетін, еліміздің Қызыл кітабына енгізілген ақбалық пен сібір бекіресі және жыл бойы аулауға тыйым салынған сүйрік балығы бар.

— Қазір Ертіс өзеніне су босатыла бастады. Бұл жағдай уылдырық шашуға бөгет болмай ма?
— Керісінше өзен бойымен келетін мол су бұл кезең үшін пайдалы. Жоғары екпінмен келетін тіршілік нәрі жайылмаларға шығып кетеді. Ал ондай жерлердегі су күннің шуағынан тез қызады. Балықтар әлгіндей таяз жерлерді іздеп барып, бірден уылдырықтарын шашады. Таяз суда шабақтар да тез жетіліп, жас балықтар кейін су қайтқанда өзенге оралады.
— Балық аулау заңнамасын бұзған азаматтарға қандай жауапкершіліктер қарастырылған?
— Аталған кезеңде өзен-көлдерден заңсыз балық аулағандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айыппұлдардың мөлшері — 10-20 айлық-есептік көрсеткіш. Өрескел заң бұзушылықтар болған жағдайда (тыйым салынған кезеңде, тыйым салынған құралдармен және тәсілдермен балық ауласа) айыппұл мөлшері 40 айлық-есептік көрсеткішке дейін өседі. Әрі кейін сот шешімімен аулау құралдары, қайықтары тәркіленуі мүмкін. Ал су жануарлары ресурсына елеулі залал келтірсе (шығын сомасы 100 АЕК және одан көп болса), жарылғыш немесе химиялық заттарды, электр тогын және балық ресурстарын жаппай қырып-жоюдың өзге де тәсілдерін қолданса, сондай-ақ сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, аулауға тыйым салынған су жануарларын, оның ішінде бекіре тұқымдас балық түрлерін ауласа, ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады. Ондайға жол берген азаматтар сот шешімімен бірнеше жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

— Уылдырық шашу кезеңінде ақылы су айдындарында балық аулауға рұқсат беріле ме?
— Иә, заң бойынша уылдырық шашу кезеңінде балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарда қармақ салуға мүмкіндік беріледі. Қазіргі уақытта өңірімізде ондай 6 шаруашылық бар. Атап айтқанда, Шөптікөл көлі (Май ауданы), Жарлыкөл көлі (Баянауыл ауданы), Бораншоқы көлі мен Майқайың жасанды көлі (Екібастұз қаласы), Лозовое мен Тобылжан көлдері (Успен ауданы).
— Былтыр және биыл балық аулау заңнамасын бұзу бойынша неше оқиға тіркелді?
— Өткен жылы балық аулау ережелерін бұзудың 204 дерегі анықталып, оның 18-і өрескел заң бұзушылық деп танылды. Жалпы сомасы 4,5 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Браконьерлерден 30 ау, 8 қайық, 2 мотор және 1039, 9 кг балық тәркіленді. Ал жыл басынан 46 заң бұзушылық тіркеліп, 5 өрескел заң бұзушылық облыс соттарымен қаралды. Барлығы 1,2 мың теңге сомасына айыппұл салынды. Қылмыстық заң бұзушылықтар анықталған жоқ.

— Балық шаруашылығына қатысты өңірде қандай мәселелер бар?
— Облыстағы балық шаруашылығының ауқымы үлкен екенін ескерсек, инспекциядағы небәрі 9 маман өте аз екенін байқауға болар. Кадр жетіспеушілігі туралы проблема көп жылдан бері айтылып келеді. Бұған дейін көлік бойынша мәселелер туындаған. Қазір ол шешіле бастады. Павлодар облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің қарамағында бүгінде 6 автокөлік, жылдамдығы жоғары 1 су катері, 60 аттық күші бар аспалы мотор орнатылған 1 патрульдік катер, 1 үрлемелі қайық және 1 квадрокоптер (дрон) бар. Өзен-көлдердегі жағдайды шамамыз келгенше бақылап, қарауылдаймыз. Полицейлермен бірге тұрақты рейдтер ұйымдастырып, проблемалы учаскелерді сүземіз. Әсіресе, жаз айларында таң алдында ағынға жіберілетін ауларды (сплав) қолданатын браконьерлер болады. Тұрғындардың шағымы бойынша оларға қарсы арнайы рейдтер жүргіземіз. Әуесқой балықшылар браконьерлікпен айналыспайды. Олар үшін ермек маңызды. Су жануарларын үлкен көлемде қырып-жойып, оңай олжа тапқысы келетін қаскүнемдер үнемі жасырынып жүреді. Сондықтан оларды іздеп табу да оңай шаруа емес. Кейінгі алынған техникалық мүмкіндіктер бұл тұрғыдағы күресімізді күшейте түседі деген сенімдеміз.
— Әңгімеңізге рахмет!
