Ертіске Шығыс Қазақстандағы қоймалардан су жіберіле бастады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Су жіберу шараларының ұзақтығы шамамен 26 күнге созылады. Өзен жайылмаларының 300 мың гектардан астам аумағы суға қанығады деп күтіліп отыр.

Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева биыл Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларынан жалпы көлемі 6,2 текше километр су жіберілетінін хабарлады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кейінгі 11 жылда алғаш рет Ертіс жайылмасының 90 пайызын су басады деп күтіліп отыр.
- Бүгін Шығыстағы су қоймалары өз шлюздерін ашып, алғашқы су жіберу шараларын бастап кетті. Су жіберу шаралары негізгі үш кезеңнен тұрады – дайындық, негізгі ядро және аяқталу кезеңі. Алғашқы екі күнде секундына шамамен 2000 текше метр су жіберіледі. Одан соң 18 күн бойы секундына 3500 текше метр су Ертіске құйыла бастайды. Ертіс жайылмаларының суға қанығуы үшін дәл осы 18 күн маңызды. Осы уақытта өзен бетінде бүйірлік ағындардың есебінен үлкен толқындар пайда болып, зор екпінмен келген су жайылмаларға шығып кетеді. Ал бүйірлік ағындарды күшейтетін Шүлбі су қоймасының, Оба мен Үлбі өзендерінің суы да мол екені аңғарылады. Биыл Бұқтырма 60 пайызға, Шүлбі 96 пайызға толғаны анықталды,-дейді басқарма басшысы.
Қазіргі уақытта Ертіс өзенінде сең қозғалып жатыр.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, алғашқы екі күнде жіберілген орташа екпіндегі су көлемі өзен бетіндегі мұзды қалыпты жағдайда айдап әкетуге қабілетті. Негізгі су шамамен 5-7 күнде Павлодар облысының шекарасына жетеді. Ал үлкен судың келуі шамамен 20-21 сәуірде күтіліп отыр. Осы уақытта Ертіс өзені маңында орын тепкен елді мекендердің тұрғындарына сақ болу қажет. Қазір өңірде жағалаулар мен бөгеттерді нығайту жұмыстары атқарылып жатыр.
Жауапты басқарманың дерегінше, Павлодар облысындағы Ертіс өзені жайылмаларының жалпы аумағы 377 мыңнан гектардан асады. Су соның шамамен 300 мың гектарына жайылуы керек. Негізінен су жер жағдайы бойынша ойпаңдау жерде орналасқан Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл, Павлодар аудандарының жайылмаларын көбірек басады. Ал Ертіс өзенінің өзінде судың деңгейі шамамен 2 метрге көтеріледі деп болжанып отыр.
«Ертіс өзеніне осыншама көлемде мол судың жіберілуі экологиялық және экономикалық тұрғыдан аса маңызды. Жайылмалардан мал азығын дайындайтын азаматтар үшін пайдалы. Ал осы уақытта таяз суларға шығып, уылдырық шашатын балықтар үшін де судың көптігі тиімді әсер етеді», деп атап өтті Ә.Қабылтаева.
Су жіберу шаралары 5 мамырға қарай толық аяқталса, Ертіс өзені шамамен 15-16 мамырда өз арнасына қайтуы керек. Осы уақытта облыста шыбын-шіркейге қарсы өңдеу шаралары қыза түседі деп жоспарланған. Ал жалпы өңдеу шараларын осы айдың соңына таман бастап кету ұйғарылып отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Павлодар облысында жалпы аумағы 127 мың гектар алқапты шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жоспарланып отыр.