Ертісте мұз жару жұмыстары: 9360 шаршы метр аумақ тазартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында көктемгі мұз жүру кезеңінде мұз кептелістерінің түзілуіне жол бермеу үшін Ертіс өзенінде профилактикалық жару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Ведомство дерегіне сәйкес, 9360 шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары орындалды.
— Іс-шаралардың негізгі мақсаты — мұз массаларының еркін өтуін қамтамасыз ету және кептеліс қаупін азайту үшін мұз жабынын босаңсыту. Жұмыстарды жүргізуге Төтенше жағдайлар департаментінің, Полиция департаментінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды, — дейді мамандар.
Қауіпсіздік мақсатында жұмыс жүргізу аймағында бақылау және қолжетімділікті шектеу бойынша қажетті шаралар ұйымдастырылды.
Осыған дейін Ертіс бойындағы мұз өткелдері қашан ашылатынын жазған болатынбыз.