Ерұлан Жамаубаев валюта нарығы турасында: дәл қазір дүрліктіруге негіз жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Валюта нарығындағы жағдайды түзетуге ықпал ететін тетіктер жеткілікті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев мәлім етті.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер доллар мен теңге бағамына қатысты сұрақ қойды.
— Бұл жайында ресми ақпарат тараттық. Дәл қазір қандай да бір дүрліктіріп керек емес. Себебі қазіргі жағдай инвесторлардың шеттен келіп жатқан ақпаратқа реакциясы деп түсінуге болады. Біздің экономикада да шетелдік инвесторлар бар. Олар құнды қағаздар мен басқа да қаржы тетіктеріне қаражат салады. Осы инвесторлар бұл турбуленттік жағдайда қорқып, кейбірі шығып кетті. Сондықтан осындай өзгерістер болып жатыр. Дегенмен, бізде тиісті тетіктер жеткілікті. Керек болса, интервенция жасалар еді. Қазір Ұлттық банк тарапынан интервенция жасалып отырған жоқ, — деді Ерұлан Жамаубаев.
Айта кетейік, Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов теңге бағамына әсер ететін жағдайларды атады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық банктің 9 сәуірге ұсынған ресми бағамы — бір долларға 518,57 теңге. Ресей рублінің орташа сараланған құны — 6,05 теңге. Еуро — 566, 59.