Ержан Ашықбаев Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды

Ақорда Ержан Ашықбаевтың Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалғанын хабарлады.

п
Фото: gov.kz

- Мемлекет басшысының өкімімен Ержан Нигматоллаұлы Ашықбаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды, - делінген құжатта.

Айта кетейік, Ержан Нигматоллаұлы 1974 жылғы 16 маусымда Алматы қаласында туған.

1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, 2012 жылы Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған. Мамандығы — халықаралық қатынастар, мемлекеттік басқару магистрі.

Дипломатиялық қызметін 1998 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Төртінші департаментінде референт болып бастаған.

1999-2007 жылдары министрліктің орталық аппаратында әртүрлі қызметтер атқарған және Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде іссапарда болған.

2007-2011 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші лауазымдарын атқарды.

2012 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР Үкіметінің ресми өкілі болды.

2012-2013 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығын басқарды.

2013-2021 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.

2021 жылдан бастап осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.

Ержан Ашықбаев — дипломатиялық қызметтің кәсіби өкілі, Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие. Ағылшын, түрік және француз тілдерін меңгерген.

Айта кетейік, бұған дейін Ақан Рахметуллин Сыртқы істер бірінші вице-министрі қызметінен босатылған болатын.

Соңғы жаңалықтар