Ержан Біржанов жеке кәсіпкерлердің жаппай жабылатындығына қатысты ақпаратты теріске шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов елімізде жеке кәсіпкерлердің жаппай жабылатындығына қатысты ақпаратты теріске шығарды.
- Қазір көптеген жеке кәсіпкердің жаппай жабылатындығына, өзге юрисдикцияға өтетіндігіне қатысты ақпарат мол. Бұл олай емес. Өткен жылдың деректерінен керісінше оң сольдо көріп отырмыз, жаңадан 150 мың бизнес субъектісі қосылды. Мәселен, 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы бұл сальдо тіпті 50 мыңнан да аз болды. Яғни, қазір керісінше Жаңа салық кодексі енгізілгеннен кейін жеке кәсіпкерлер жабылып жатқан жоқ. Қайта олар көптеп ашылып жатыр. Бұл статистика, - деді вице-министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, жеңілдікпен жұмыс істейтін бизнестің бір бөлігі жабылуы мүмкін. Өйткені, бір бизнестің жанында оның ҚҚС-ке өтуінен сақтандыратын 2-3 жеке кәсіпкерлік бар.
- Дүкен не қандай да бір нысан иесі жұмысшысының атынан жеке кәсіпкерлік ашады. Бұлай жасау қажет емес еді. Өйткені, жеңілдік қағидатын өзгерттік. Демек, бұрындары жеңілдік бойынша ҚҚС шегі – 20 мың еселенген АЕК-ке дейін болды және ол ҚҚС төлеушіге айналады. Бұл бизнесті толыққанды жүргізу үшін негізгі кедергі еді. Қазір жеңілдетілген декларация бойынша 2,5 млрд теңгеге дейін ҚҚС төлемейсің, - деді Ержан Біржанов.
Бұған дейін жеке кәсіпкерлердің арасында 1 млн-ға жуығы өздерінің айналымындағы қаражатты нақты көрсетпей отырғанын жазған едік.