Есболат Айдабосынның «Бүкір» романы Mecenat.kz әдеби сыйлығын жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Mecenat.kz әдеби сыйлығының бесінші маусымының жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті.
Mecenat.kz әдеби сыйлығы – қазіргі Қазақстан туралы үздік романға берілетін жыл сайынғы әдеби марапат.
Жоба отандық көркем әдебиетті дамытуға, қаламгерлерді қолдауға, оқырман қызығушылығын арттыруға және қазақстандық шығармаларды халықаралық деңгейде танытуға бағытталған тәуелсіз азаматтық бастама саналады.
Биыл байқауға 33 өтінім түскен.
Бесінші маусымның қорытындысы бойынша жазушы Есболат Айдабосын «Бүкір» романы үшін жеңімпаз атанды.
«Бүкір» романы жылқы тағдыры арқылы адам қадірі, әлеуметтік теңсіздік, ар-намыс пен рухани ізденіс мәселелерін арқау етеді.
Жеңімпазға Freedom Life өмірді сақтандыру компаниясы Қазақстан Ұлттық банкінің төлем жасалған күнгі бағамына сәйкес өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде төленетін ерікті аннуитеттік сақтандыру полисін табыстады.
Іс-шараға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рүстем Әли, сыйлық меценаты әрі Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, жоба негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков, байқауға қатысушылар мен оқырмандар қатысты.
Салтанатты рәсім барысында бесінші және алтыншы маусымдағы жаңашылдықтар таныстырылып, байқаудың бес маусымы туралы деректі фильм көрсетілді.
Айта кетейік, майдангерлер ерлігіне арналған кітап көрмесі өтті.