Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Есеп комитеті Үкіметке ғылыми ұйымдарды базалық қаржыландырудың мөлшерін белгілеуді ұсынады

АСТАНА.  9 тамыз. ҚазАқпарат - Есеп комитеті «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» және «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамдарына бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалануды бақылаудың қорытындысын шығарды.

Есеп комитеті Үкіметке ғылыми ұйымдарды базалық қаржыландырудың мөлшерін белгілеуді ұсынады

Бұл туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Тексеру нәтижелеріне сүйене отырып Есеп комитеті 2011 жылға дейін Холдингтің даму стратегиясының болмағанын, сандық және сапалық жұмыс көрсеткіштерінің айқындалмағанын атап өтеді. Холдинг ғылыми ұйымдардың әлемдік әдебиетке Интернет арқылы қол жеткізу қажеттілігіне талдау жүргізбеген. Нәтижесінде, 2011 жылы 322 ғылыми ұйымның 219-ы аталған қызметтерді 216,5 млн. теңгеге пайдаланылмай қалды.

 «Ғылым қоры» АҚ ғылыми зерттеулер мен жұмыстарды дамытуды, ғылыми өнімдер мен қызметтердің тиімді әрі ашық нарығын қалыптастыруды тиісті дәрежеде жүргізбей отыр. Зияткерлік меншікке құқықтарды мемлекеттің сатып алуы заң жүзінде реттелмеген. Сондай-ақ, жобаларды іске асыру барысында инновациялық технологиялар парктерінің алаңдары пайдаланылмаған. Соның нәтижесінде, қаражаттың елеулі бөлігі жабдықтар мен материалдар сатып алуға пайдаланылған. Ал Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Шаруашылық мақсатындағы және ауыз суға табиғи қорлары жобасын орындауға «У.М. Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институты» ЖШС-ге 60,7 млн. теңге мөлшерінде бюджет қаражатын артық аударған», - делінген Есеп комитетінің қорытындысында.

Ал  «Қаржы орталығы» АҚ бұрынғы жылдары 11,6 млрд. теңге мөлшерінде берілген мемлекеттік кредиттерді өтеу бойынша жұмыстарды тиімсіз жүргізуде. «Қаржы орталығы» АҚ-ның студенттерге екінші деңгейдегі банктерден оқуға кредит алуы үшін кепілдіктер беруге бөлінген 1850,0 млн. теңгенің 1 011,0 млн. теңгесі кеңселік ғимарат сатып алуға және оны жаңартуға пайдаланылған. «Қаржы орталығы» АҚ пайдаланбайтын алаңдарын шығыстарын республикалық бюджет қаражаты есебінен төлеуге ұсынатын квазимемлекеттік сектор cубъектілеріне жалға беруде.

2010-2011 жылдары «Қаржы орталығы» АҚ бейіндік емес қызметтен 180,7 млн. теңге мөлшерінде таза табыс тапқан, соның 90,3 млн. теңгесін өзінде қалдырған.

Осыған орай,  Есеп комитеті Үкіметке ғылыми ұйымдарды базалық қаржыландырудың мөлшерін белгілеу, «Қаржы орталығы» АҚ-ны акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтер есептеуден және төлеуден босатудың күшін жою мәселелерін қарауды  ұсынды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне ғылым салалары бойынша тәуелсіз сарапшыларды іріктеудің өлшемдерін айқындау, ғылыми ұйымдардың әлемдік әдебиетке Интернет арқылы қол жеткізуі бойынша келісімнің жалпы сомасын азайту, қарыз алушылардың алған мемлекеттік білім беру кредиттерін және банктерге берілген кепілдіктерді қайтару тетігін белгілеу бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.