15:03, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Есеп комитеті Үкіметке мемлекеттік мүлік туралы заңды қабылдау үдерісін жеделдетуді ұсынады
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Үкіметке мемлекеттік мүлік туралы заңды қабылдау үдерісін жеделдетуді ұсынады.

Бұл туралы ҚазАқпарат Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Есеп комитетінің бағалауы бойынша, мемлекеттік активтерді басқарудың 2006-2008 жылдарға арналған салалық бағдарламасы тиімсіз іске асырылған. Сонымен бірге, республикада мемлекет активтерді басқарудың ашық та мөлдір жүйесі құрылмаған әрі акциялар пакеті мемлекетке тиесілі болуы тиіс мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың оңтайлы саны айқындалмаған болып отыр.
«Осы уақытқа дейін акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі болып келетін акционерлік қоғамдардың директорлар кеңесі, ішкі аудит қызметі, қадағалау кеңесі туралы ережелер бекітілмей отыр. Сонымен қатар, акциялары мен қатысу үлестері мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың бас бухгалтерлеріне қойылатын біліктілік талаптары да жоқ. Бұдан басқа, мемлекеттік активтерді басқарудың тетігіне қатысты мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен құқықтарын айқындайтын құқықтық негіз жасалмаған», делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Сондай-ақ Есеп комитеті Қаржы министрлігі тәуелсіз басқарушылар институтын енгізу жолымен рентабельді емес мемлекеттік кәсіпорындарды сауықтырудың тетігін әзірлемегеніне назар аударады. Осы айтылғандарды ескере келе, Есеп комитеті Үкіметке мемлекеттік мүлік туралы заңды қабылдау үдерісін жеделдетуді ұсынады.