Есет батыр британ тыңшысын қалай құрықтады? - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 қараша, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Қазақ жері - зерттей берсе құпиясы таусылмайтын мекен. Қазіргі Қазақстан аумағынан бірнеше ғасырлар бұрын-ақ шет елдердің даңқты зерттеушілері мен өз заманында атағы тасыған талай жазушы жүріп өткені белгілі. «Айқын» газеті бүгін сондай жазушылардың бірі - орыс саяхатшысы Егор Ковалевскийдің қазақ жері, дәстүрі мен тарихы, тұлға батырлары туралы жазған кітабын талдап, Махамбет Өтемісұлы мен Есет батырлар туралы тамаша естеліктерді тапқан екен. «Орыста Егор Ковалевский (1811-1868) деген жазушы өткен. Өзі саяхатшы, өзі дипломат. Заманында Ковалевский Шоқан Уәлихановпен сырлас дос болыпты»,-деп жазады басылым. Жазушының 1840 жылдары шыққан «Странствователь по суше и морям» деген кітабының қазаққа тікелей қатысы бар. Әсіресе, сондағы «Экспедиция на пути в Бухару и военная экспедиция, действовавшая против Хивы (1839-1840)» очеркінде қазақ даласында өткен оқиғалар баяндалады, сол замандағы қазақ-орыс қатынастарын айна-қатесіз хатқа қалдырған. Осылайша, XIX ғасырдың 30-жылдарының соңындағы отаршылық езгіге қарсы көтерілістерді қаз қалпында көз алдымызға әкеледі. Осы кітабын жазар алдында: «Не көрдім, не білдім, сол қалпында қағазға түсіруім керек, сонда ғана қызық кітап шығады» деген екен. Шынында, бұл еңбек сол уақытта жазылған басқа шығармаларға қарағанда шынайылығымен көш бастап тұр. Бұхарға бара жатып, хиуалықтардың тұтқынына түскен жазушы мен экспедиция мүшелері жолда қазіргі Ақтау қаласына қашып барып, содан кейін Бұхарға бара жатқан жасырын әскери экспедицияға қосылып, жандары аман қалады. Осы экспедиция барысында ол қазақты шекті рулары мекендеген жерлерді табаны басалы, қазақ ауылдарына аялдап, ұлтымыздың салт-дәстүріне тамсанады екен. Осы сапарында Ковалевский Махамбет Өтемісұлымен (Мугамет Эвтимишев деп жазады) де жолыққан екен. Жазушының Махамбет Өтемісұлы туралы естеліктерін мақаладан толық оқуға болады. Бірден, Есет батырдың білдей бір британ тыңшысын көкала қойдай сабаған жеріне тоқталайық. «Есет батырға жазушы «Английские офицеры в Средней Азии» деген очеркінде арнайы тоқталған. Ковалевский Есеттің қарасүйектен шыққан қайсар ұл екенін, жиырма жасынан бастап даңқы шыққанын жазады. Жазушы кітабында ел арасында тараған Есет туралы түрлі аңыздарды да айта кеткен. Орта Азияға, соның ішінде қазақ даласын барлауға британ тыңшылары да келе бастайды. Соның бірі Джеймс Аббот (1807-1896) болатын. Капитан Аббот 1840 жылы Хиуа хандығына келеді. Оған жүктелген тапсырма Хиуадағы тұтқында жатқан орыс құлдарын босатуға көндіріп, сол арқылы Ресейдің сеніміне кіру болатын. Осылайша, Ресей мен Британия империяларының арасына «алтын көпір» тұрғызуға міндеттенді. Алайда атақты тыңшының жолын біздің Есет батыр кесті. «Аббот Үстірттің оңтүстік жағына қарай өтпек болғанда, қазақтың батыры Есетке тап келді. Ол кезде Есет біздің хас дұшпанымыз болатын, сондықтан ол туралы бір ауыз сөз айта кеткенді жөн көрдім. Есет өзі қарасүйек тұқымынан шықса да, жиырма жасында-ақ елінің еріне айналып, дала батыры деген аты шықты, абыройы таси бастады. Оны даланың Геркулесі деуге болатын, себебі оның физикалық күш-қуатын, әскери шеберлігі мен жауынгерлігін көрген кез келген еуропалық таңғалатын... Есет Абботты қазақтарды жазалауға келген орыстың әскери отрядтарының бірінен екен деп ойлады. Абботты аяған жоқ, итше сабап тастады. Қазақтар оның жанындағы ауғандық жолсеріктерінің бәрін парша-паршасын шығарды. Абботтың өмірі Есеттің қолында болатын, сол кезде түркімендер жетіп үлгерді, Хиуа ханы оларды Абботты қорғауға жіберген екен. Соның арқасында, британ тыңшысының жаны қалды. Түркімендер оны Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Ново-Александровск бекінісіне жеткізді, одан әрі сау-тамтығы қалмаған тыңшыны Орынборға жеткізді. Сол жақтан Петерборға жетіп, кейін Лондонға оралған. Сол кезде Есеттің жанында болған қазақтар Абботтың батырға жанымен қарыздар екенін әлі күнге шейін айтып отырады» деп жазады Егор Ковалевский. Есет батырдың бұдан өзге ерлігі мен ғашығын алып қашамын деп, қараңғыда күтуші кемпірді алып кеткен «қызығы» туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Есет батыр британ тыңшысын қалай құрықтады?» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
***
«Егемен Қазақстан» газеті бүгін Астанының азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге міндетті Ақмола облысындағы кәсіпорындар туралы жазады. « Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына байланысты Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағдарламасын іс жүзіне асыру барысында соңғы жылдары аталмыш облыста бірқатар ірі кәсіпорындар іске қосылды. Солардың бірі «Capital Projects Ltd» ЖШС-ның құс фабрикасы. Құс соятын цехта сағатына 6 мың бройлер етке өткізіліп отырады. Тәулігіне бұл цехтың қуаты 12-23 мың бройлер союға арнаған. Бір ауысымда құс фабрикасы 15 тоннадан 25 тоннаға дейін құс етін өндіреді. Алдағы уақытта фабрика толық қуатында жұмыс істей бастайтын болады. Мәселен, 2016 жылы зауыт толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде жылына 20 мың тонна сапалы құс етін өндіруді көздеп отыр»,-деп жазады басылым. Сонымен қатар, басылым Ақмола облысындағы жылыжай кешенінің жұмысы туралы ақпарат беріп отыр. «АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды іс жүзіне асыру шеңберінде Степногор қаласында «Қазақстанның жылыжай технологиясы» ЖШС бүгінгі заманның өскелең талаптарына сай жылыжай кешенін салып, пайдалануға берген болатын. Қазір 3,56 гектар жер көлемін алып жатқан жылыжай кешені толық жобалық қуатында жұмыс істей бастады. Осы кешеннің пайдалануға берілуіне байланысты Степногор қаласында өте қажет жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл жобаның жалпы құны 1,04 миллиард теңгені құрайды. «ҚазАгроФинанс» холдингі осы жобаны толықтай қаржыландыру шарасын іс жүзіне асырды. Астана қаласының азық-түлік белдеуінің көкөніс өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыруда елеулі үлесі бар жылыжай кешенінің жұмысы барған сайын жандану үстінде»,-деп жазады. Облыстағы өзге де кәсіп орындары туралы «Азық-түлік белдеуінің бүгінгі тынысы» деген мақаладан оқи аласыздар.
Сондай-ақ, бас балысым Шымкент қаласының жанындағы қоқыс полигоны жабылады деген ақпарат ұсынып отыр. « Шымкент қаласының әкімі жағдайды таразылай келе шаһар іргесіндегі қоқыс қалдықтары телімін жабуға шешім қабылдады. Сайрам ауданына қарасты Мәртөбе жотасы - Қазақтың дала парламентінің ордасы»,-деп жазады басылым. Қазақтың көректі жазушысы Әбіш Кекілбаев Мәртөбеге жолы түскен бір сапарында «қазақта төбе көп, ал Мәртөбенің жөні бәрінен бөлек, бұл гауһар төбе», деген екен. Басылымның жазуынша, Шымкент қаласына жақын қоқыс полигонына айналған Мәртөбенің қазіргі жағдайы мәз емес. « Мәртөбеде республикалық талай келелі жиындар өтті. Бірақ, соңғы кезде Мәртөбе ауылының тұрғындарынан маза кеткен. Шымкенттей алып шаһардан шығарылатын қоқыстың отыз пайызға жуығы осындағы полигонға тасталатын. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахимов жағдайды таразылай келе, қоқыс полигонын жабуға шешім қабылдады. Қазір басқа жерден қоқысхана салу қарастырылып жатыр. Мәртөбе полигонына кірер жол бетонмен жабылды.Осылайша, дала парламентінің орталығы болған Мәртөбе қоқысханаға айналудан аман қалды. Халық қала әкімдігіне ризалығын білдіріп жатыр»,-деп жазалы басылым. Бұл туралы толығырақ басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Гауһартөбе» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
Ал «Казахстанская правда» басылымы 14 қазан күні өмірден озған мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының бұрынғы премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев туралы әріптестері мен достарының естеліктерін жариялаған еді. «Мен Нұрланның курстасы ғана емеспін, әр жылдары ол басқарған мекемелерде жұмыс істегенмін. Нұрланмен алғаш рет 1968 жылы танысқан едік. Кейін білгенімдей, ол біздің факультетте оқыған Нұрберген Балғымбаевтың туған ағасы екен. Сессиялардың бірінде емтиханнан нашарлау баға алған ол: «мен бәрі бір мұнай өнеркәсібінің министрі боламын!» деді. Бұл жалынды жастың құр сөзі емес, нақты мақсаты болған екен»,-деп жазады басылым марқұмның курстары әрі әріптесі Тамара Қайдалованың естелігін. Ұзаққа созылған науқастан көз жұмған Нұрлан Балғымбаев туралы өзге де естеліктерді газетте жарық көрген « Отдавая должное заслугам» деген мақаладан оқи аласыздар.