Еш жауға берілмейміз, Отанымызды сатпаймыз деген сезім осы Ұлы Жеңіске итермеледі - соғыс ардагері Ғ. Жұматұлы
/strong>Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның жаңа бірегей жобасы аясында, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне орай, «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың тарихи 65 сәті» айдары ашылған болатын.
Осы айдар аясында Баянауыл ауданында дүниеге келген, Ұлы Отан соғысының ардагері Ғаббас Жұматұлының ерлігі жайында баяндамақпыз.
Соғыстың алғашқы күндері жаудың екпінді шабуылына маусымның 22-сінен шілденің 20-сына дейін төтеп берген Брест қамалында үш мыңнан астам жас қазақстандық офицерлер мен жауынгерлер болған. Сол қамалды ерлікпен қорғаған отандастарымыздан бүгінгі күні Ғаббас Жұматұлы мен Әбдіразақ Мәмиев қана тірі.
1940 жылы Алматының тау-кен институтының геологиялық барлау факультетінде білім алып жатқан Ғ. Жұматұлы азаматтық борышын өтеу үшін қызыл әскер қатарына алынады.
Ол әскери борышын Брест қамалында өтеп, алғашқы ұрысты да сол жерде басынан өткізген. «Сол кезде бірге барған достарымды айтсам, Файзолла Тұрымов, Мәми Әбдіразақ, Тұрар Сатыбалдин және тағы басқа достарым болды. «Әскери міндетіміздің мерзімі аяқталып 1941 жылғы маусымның 22-сі күні сағат 10-да үйге қайтуымыз керек болған, бірақ та таңғы сағат төрттер шамасында соғыс басталып кетті», - деп ардагер соғыстың алғашқы сәттерін есіне алады.
Ғаббас Жұматұлы қызмет ететін 6-атқыштар дивизиясындағы 204-ші артиллериялық полктің жауынгерлері сол бір таңда тәтті ұйқыда жатқан еді. Оларды найзағайдай жарқылдап, күндей күркірей шыққан зеңбірек үні аяқтарынан тік тұрғызған.
Неміс фашистерінің алғашқы соққысын Брест қамалының сыртқы оңтүстік қапталында қарсы алған жауынгер соғыстың алғашқы күнінен соңына дейін шайқасып өтеді.
Ардагер соғыстағы жауынгерлердің қайсысы болмасын өзінің Отан алдындағы әскери міндетін адал, абыроймен орындағанын айтады.
«Соғыстың алғашқы күндері расымен де қиналдық, өйткені жау өте жақсы дайындалып келгендіктен күші басым еді. Соған қарамай біздің 204-ші полк Брест гарнизонының бір құрамы есебінде алғашқы шепте жаудың соққысына шама келгенше қарсы тұрды. Өз бекінісімізді бір аптадан аса уақыт қорғадық. Бірақ оқ, снаряд таусылып, қоршауда қалдық. Ақыр аяғы шегінуге мәжбүр болып, орман арасына кірдік. Ол кезде әскери техника да тапшы еді. Немістердің біздің жаяу әскерді ұшақпен қуып жүріп атқылаған кездері де болды, 1200 адамнан тек 49-ы ғана аман қалды сол кезде», дейді Ғ. Жұматұлы.
Сондай-ақ ол әр жауынгердің көкейінде қарсы шыққан жаудың бетін қайтарып, Отанды, жерімізді аман сақтап қалу міндеті тұрғандығын айтады. «Сол уақыттағы тәрбие де сондай болды ғой, әскерде де солай үйретті. Еш жауға берілмейміз, Отанымызды сатпаймыз деген сезім осы Ұлы Жеңіске итермеледі. Алдымызда тек Жеңу керек деген мақсат болды», дейді ардагер.
Ғ. Жұматұлы кейіннен 530 полктің құрамына алынып Мәскеуді қорғауға атсалысады. Сонымен қатар Молдавия, Румыния, Югославия, солтүстік Дунайдың жағалаулары, Венгрия сияқты Оңтүстік Еуропа мемлекеттерін азат етуге қатысып, Венгрия түбінде, яғни Будапешт қаласында жарақат алады. Жеңіс күнін Венада қарсы алып, соғысты сол жерде аяқтайды.
Елге оралғаннан кейін ол Алматыдағы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде білім алып, сол жерде 50-жылдай ұстаздық қызмет атқарады. Өмірінің жартысынан көбін осы қара шаңырақта өткізген ардагер бұл оқу орнымен байланысын әлі де үзбеген, әр болған шараға қатынасып тұрады. Сонымен қатар соғыс еңбек ардагерлері ұйымын да басқаруда. «Алғашқы кезде ол ұйымның құрамында 300-ден аса адам бар еді, қазіргі күні 17-дей ғана ардагер қалдық», деп өмірден өткен достарын еске алады қарт майдангер.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін ол «Қызыл Жұлдыз», Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі орденімен екі рет, екінші дәрежелісімен бір рет марапатталады. Сонымен қатар «Алтын венок», «Достық», «Сталин ордені», «Даңқ ордені», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Будапешті қорғағаны үшін» ордендерімен марапатталған.
1979 жылы республикамыздың Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша оған «Қазақ ССР Жоғары мектебінде еңбек сіңірген қызметкер» атағы беріліп, «Республика алдында сіңірген еңбегі үшін» медалі қоса тапсырылған. Жастарға патриоттық тәрбие беру жолында ерекше табыстарға жеткені үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен Жоғарғы Кеңестің «Құрмет Грамотасымен» марапатталады. Сондай-ақ Қазақ ССР Жоғары білім министрлігінің, Бүкілодақтық соғыс ардагерлері комитетінің тарапынан Құрмет дипломдары мен грамоталарға ие болып, Қазақстанның шетелдермен достық және мәдени байланыстар қоғамы тарапынан Венгер Халық Республикасының «Алтын алқа» медалімен марапатталған. 2004 жылы мамыр айында ҚР Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық» орденімен наградталды.
Ұлы Отан соғысының ардагері, профессор, 92-ні еңсерген ұстаз жастарға өзінің жасына келуін және адам айтқысыз сұм соғысты болашақ ұрпағымызға көрсетпеуін тілейді. «Ел қорғайтын азаматтарды жастай тәрбиелеп, патриоттық сезімдерін нығайта түсу керек. Әр азамат елі үшін, Отаны үшін өмірін арнауы керек. Туған жерді, елін қорғау - қазіргі жастардың басты мақсаты. Осы кең- байтақ жерімізді найзаның ұшымен қорғап қалған ата-бабаларымыздың ерлігін, тарихын білгендері абзал. Бізде сол буынның жалғасымыз, біздің жасаған ерлігіміз бізден кейінгі жас ұрпаққа үлгі болып, олар әркезде өз елінің қорғаны болса екен деп тілеймін», дейді Ғаббас Жұматұлы ақжүрегімен ақтарыла.