Ешқандай бақылау жоқ – Мәдениет министрлігі музейлердегі мәселені қалай шешіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Цифрландыру мәдениет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қояды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрілігі мәлім етті.

Ешқандай бақылау жоқ – Мәдениет министрлігі музейлердегі мәселені қалай шешіп жатыр
Фото: Алматы музейлері бірлестігі

Цифрлық архив бағдарламасы аясында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Архивтердегі көптеген құжатты цифрлық форматқа енгіздік. Президент тапсырмасы бойынша бірнеше өңірде жаңа нысандар салынуда, бірақ тапшылық әлі де бар. Құжаттарды сақтайтын орын жетіспейді және қауіпсіздік мәселесі де бар. Бұл құжаттар жоғалса, оны үлкен қауіп деп санаймыз. Сондықтан цифрландыру деректерді сақтау мәселесін шешеді, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында. 

Сонымен қатар ведомство виртуалды музейлер желісін кеңейту қолға алынғанын еске салды. Қазір біраз музейдегі жәдігерлерді виртуалды тамашалау мүмкіндігі бар. 

Қаражаттың осы мекемелердің есеп-шотына дұрыс түсуін қадағалау маңызды. Бұл ретте цифрландырудың мүмкіндігі зор. Қазір нақты бір нысанға қанша адам кіргенін бақылау үшін Face ID орнатып жатырмыз. Сол арқылы музейге келген адам саны көрінеді. Бұл қадамдар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді. Мәселен, біреулер кассаға немесе кіреберістегі жәшіктерге ақша салса, кейбірі банк қосымшасы арқылы аударым жасап жатады. Осыдан кейін қаражаттың нақты қайда түсіп жатқаны белгісіз болады. Барлық нысанға Face ID енгізіп, кассаның және қайырымдылық жәшіктердің жұмысын автоматтандырсақ, біраз мәселе шешіледі, - дейді министрлік өкілдері. 

Бұған дейін архив қызметкерлерінің жалақысы өсетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар