Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын Кеден одағының кеден аумағы арқылы өткізу тәртібі туралы келісім заңмен бекітілді
Келісімнің мақсаты туралы ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндап берді. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қайырбек Сүлейменов қосымша баяндама жасады.
Аталған келісім 2013 жылғы 24 қазанда Минскіде жасалды.
Келісімде есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын, атап айтқанда, заңды тұлғалардың Тараптар арасында сауданы жүзеге асыру кезінде, клиникалық зерттеулер, сараптама, мемлекеттік тіркеу және сапа бақылауын жүргізу үшін, сондай-ақ жекелеген көлік түрлеріндегі алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишаларында, жеке тұлғалардың жеке өзінің пайдалануы үшін өткізу және тасымалдау тәртібі айқындалады.
Кәсіпкерлік қызмет субъектілері ретінде тіркелген жеке тұлғаларға олар көрсетілген қызметті жүзеге асыруына байланысты есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын өткізуді, сондай-ақ тасымалдауды жүзеге асыруға тыйым салынады.
Тараптардың құзыретті органдары беретін әкелуге және әкетуге арналған рұқсат беру құжаттары болған кезде заңды тұлғалар мұндай заттарды өткізуді жүзеге асырады.
Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын әкелуге, әкетуге рұқсат беру құжаттарын құзыретті органдардың беру тәртібі, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарының нысандары аумағында өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға тіркелген Тарап заңнамасында айқындалады.
Мәжіліс мақұлдаған аталған заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілді.