Есірткіге елітетіндер көбейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан табаны күректей жиырма жыл бұрын жер бетінде өсетін қауіпті шөпті құшырлана соратындар көп еді. Енді синтетикалық есірткіге есі кете елігетіндер шықты.

Есірткіге елітетіндер көбейді

Мұны дәуір жаңалығы дейміз бе? Қалай айтсақ та қоғамда санаға симайтын жайттар жиілеп кетті.

«Осы бір сананы улап, миды кептіретін, онысымен қоймай денсаулықты бүлдіретін есірткілік заттар неге өзге елден біздің елге космостық жылдамдықпен тасымалданып жатыр. Бақылау жоқ па? Құқық қорғау органдары қайда қарап отыр?». Бұл жақындарының, туыстарының, ұл-қыздарының есірткіден уланып, өлім құшқалы жатқанын көріп, көзден жасын ағызғандардың зары.

Қазақстанды айтпағанда бір ғана Алматы қаласында «спайс» шегуге арналған шөптік қоспаға әуестенген жастар саны бірнешені құрап отырған көрінеді. Ал, тіркеуде тұрмағандары қаншама.

«Заңды есірткілер» мен «дизайнерлік есірткілер» ретінде сатылатын жаңа психологиялық белсенді препараттардың ашықтан-ашық ғаламторды жайлап алғаны жанды шошындырады. Тіпті, жарнамалары да бірінен-бірі өтеді. Тек, сол ғаламтор бетіндегі телефон нөмірін терсеңіз жетіп жатыр. Қалаған жеріңізге өздері жеткізіп береді. Бағасы да анау айтқандай қымбат емес. Кептірілген шөп сияқты, иісі де жағымды. Қызық үшін оны алғаш пайдаланған адам мәңгі тәуелді болып қалғанын сезбей де қалады. Сонымен, қолданған адамды есеңгіретіп, «рахат өмірге» батыратын жолдаманың құны бар-жоғы екі жарым мың теңгеден басталады. Бұған тойтарыс беріп жатқан жан жоқ. Ақшаң болса, ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, құмарыңнан шыға бер.

«Спайс», «мяу-мяу», «ваннаға арналған тұз» секілді кезбе атаулармен аталатын препараттардың қауіптілігі дәстүрлі препараттарға қарағанда басым көрінеді. Алайда, оны түсініп, бойын аулақ салып жатқандар шамалы, керісінше, оларды қауіпсіз деп есептейді.

«Сақтансаң - сақтайды» деген бар. Қалай десек те, е сі кіргеннің де, есі әлі кірмегеннің де есін алған есірткі кесірлі дертке айналды.