Ескі көлік салығы 50%-ға төмендейді – жаңа Салық кодексі жобасы
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Салық кодексінде БЖЗҚ-дан жасалатын зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жөніндегі норма көзделген. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаумен қатар, қоғам жиі көтеретін мәселелер шешіледі. Мәселен, жаңа Салық кодексінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жөніндегі норма көзделген. Сондай-ақ қолдануы 10 жылдан асқан автомобильдер үшін салық сомасы 30%-ға, 20 жылдан асқан автомобильдер үшін – 50%-ға төмендетілетін болады», - деді департамент басшысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезалды жиынында.
Сонымен қатар «Сән-салтанат» заттарына жоғары салық салу жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін де ұсыныстар қарастырылған.
«Жиынтық құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мүлік салығының жоғары мөлшерлемесін белгілеу; кедендік құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге акцизбен қосымша салық салу; қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, қымбат теңіз кемелеріне, ұшу аппараттарына акцизбен қосымша салық салу ұсыныстары енгізілген», - деді жаңа Салық кодексінің жобасы жайлы айтқан Ерлан Сағынаев.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының XII Съезі өтті. Орталық мемлекеттік орган вице-министрлерінің, ҚМА, Антикор, Бас Прокуратураның басшылық құрамдары және «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ және басқа да жетекші даму институттарының қатысуымен өткен шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 360-тан астам делегат және 180-дей бизнес-қауымдастық жиналды. Жиында кейінгі бірнеше айда кәсіпкерлерден келіп түскен сұрақтар талқыланды.
Бұған дейін жаңа Салық кодексінде төлемдер санын 77-ге азайтып, 6 алым түрін қысқарту қарастырылғанын жазған едік.
Сондай-ақ жаңа салық кодексінде Инвестициялар үшін «әмбебап» ынталандыру тетігі қарастырылғаны хабарланған.