Ескі көліктерге салынатын салық төмендетіледі

Көлік салығы: Павлодарлықтар мемлекетке 650 млн теңге қарыз
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Ескі көліктерге салынатын салық төмендетіледі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаумен қатар, қоғам жиі көтеретін мәселелер шешіледі. Мәселен, жаңа Салық кодексінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жөніндегі норма көзделген. Сондай-ақ, қолдануы 10 жылдан асқан автомобильдер үшін салық сомасы 30 пайызға, 20 жылдан асқан автомобильдер үшін 50 пайызға төмендетілетін болады», - деді Азамат Әмрин.

Сонымен қатар оның дерегінше, «сән-салтанат» заттарына жоғары салық салу жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін мыналар ұсынылады:

- жиынтық құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мүлік салығының жоғары мөлшерлемесі;

- кедендік құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге акцизбен қосымша салық салу;

- қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, сондай-ақ қымбат теңіз кемелеріне, ұшу аппараттарына акцизбен қосымша салық салу.

Осыған дейін Үкіметтің 1,3 трлн теңгеден астам сомаға 110 салықтық жеңілдікті алып тастағалы отырғанын жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram