16:38, 06 Қаңтар 2024 | GMT +5
Ескерту жасаған полицейді қасақана қаққан Рудный тұрғыны сотталды
Рудный тұрғыны полицейді қасақана қаққаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жүргізуші билік өкіліне зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот оған пробациялық бақылауды белгілей отырып, 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Естеріңізге сала кетейік, 22 желтоқсанда Рудный қаласында Toyota жүргізушісі мүгедектерге арналған тұраққа көлігін қойған болатын.
Заңбұзушылықты байқаған патрульдік полиция қызметкері көлікке жақындап, жүргізушіге ескерту жасады.
Ер адам агрессивті әрекет етіп, оқиға орнынан қашпақ болған.
Ол полиция қызметкерін көліктің капотында 50 метрдей сүйреп, содан кейін қашып кеткен.