«Ескі үй есіңізді шығарды ма?» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Елбасының «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау туралы» Жарлығына сай өткізілген аттестаттау барлық құқық қорғау органдары үшін үлкен сынақ. Бұл сынақтан өтушілерге республика заңдарының тізбесі, логикалық ойлау сындары, қызметкердің құқық қорғау органы мәртебесіне сай келетіндігін адамгершілік-психологиялық және дене шынықтыру жағынан анықтау және қару қолдана білу алға қойылды. Кезектен тыс аттестаттаудың тағы бір ерекшелігі, мұнда құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің барлығы, яғни генералдан бастап прапорщикке дейін тексерістен бірдей өтті. Мұндай сыннан Қаржы полициясы академиясының қызметкерлері де қағыс қалған жоқ», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Аттестаттау» деген тақырыптағы мақаласында. Қаржы полициясы академиясы қызметкерлерінің сынақтан қалай өткендігі туралы Қаржы полициясы академиясының бастығы, генерал-майор Рүстем Ыбырайымов айтып берді. Ережеге сай ведомстволық ЖОО қос аттестаттаудан, яғни құқық қорғау жүйесі саласы мен жоғары оқу жүйесі саласынан өтеді, дейді ол. Мәселен, үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында Қаржы полициясы академиясы жоғары және ЖОО кейінгі білім беру бағдарламасын жүргізуші ретінде Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік аттестаттауынан сүрінбей өтті. Енді келесі бесжылдықта «Заң», «Құқық қорғау қызметі», «Кеден ісі» секілді мамандықтар бойынша оқыту құқығы бекітілді. Үстіміздегі жылдың осы өткен айында академия қызметкерлерін қайта аттестаттау барысы да сәтті жүргізілген көрінеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Австрия Республикасына ресми сапары табысты аяқталды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Іскерлік байланыстар - ілгерілеу белгісі» деген тақырыппен басылды. Нұрсұлтан Назарбаев Австрияның іскер топтарына Қазақстанның, Ресейдің, Белоруссияның қатысуымен құрылған Кеден одағының мүмкіндіктерін де ашып көрсетіп, онда 170 миллион адам тұратынын, ішкі жалпы өнімінің жиынтық мөлшері 2 триллион АҚШ долларын құрайтынын да еске салып өтті. Сөзінің соңында Қазақстан басшысы Австрия бизнесінің көрнекті өкілдерін Астанада 2013 жылдың 22-24 мамырында өтетін VI экономикалық форумға қатысуға шақырды.
***
«Бүгінде Қазақстанда 157 млн. шаршы метр көпқабатты тұрғын үй бар десек, соның 32 пайызы, яғни 50 млн. шаршы метрі жөндеуді қажет етеді. Негізінен, пәтерлердің барлығы жеке тұлғалардың жекеменшігіндегі дүние саналғандықтан оны жаңғыртудың мәселесі көп. Үкімет жаңа шаруаны қолға алып, Тұрғын үй қорын жаңартудың 2020 жылға арналған бағдарламасын жасап шығарды. Тоғыз жылға созылатын жұмысты жүзеге асыру үшін қазынадан 300 млрд. теңге жобаланып, әлгі жөндеуді керек ететін 32 пайызды 10 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр», деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында. Газеттегі бұл мақала «Ескі үй есіңізді шығарды ма?» деген тақырыппен басылды.
***
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен қазақ даласында қолдан жасалған ашаршылықтың ащы шындығы әлі күнге ашылмай отыр. Мұндай пікірді біз емес, осы зұлмат жайлы зерттеген кәсіби тарихшылардың өзі айтуда», деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Ашаршылық мәселесін тоқмейілсіп қарауға болмайды» атты мақаласында. Таяуда Астанада ашаршылық туралы конференция болып өтсе, Алматыда да ол өз жалғасын тапты. «1930-32 жылғы ашаршылық және ұлттық элита» тақырыбында өрбіген дөгелек үстелді «Алаш жолы» қоғамдық қоры ұйымдастырған. Ашаршылық кезінде жантүршігерлік тарихи фактілердің шет жағасы ғана ашылғаны болмаса, бүгінде біз білмейтін жақтары өте көп болса керек, соның бәрін есепке алмаған күннің өзінде ұлт тарихы үшін ең маңызды бір мәселе - ашаршылық кезінде қанша қазақ қырылғандығы жөнінде нақты фактіні анықтау.
Осы басылымның Ой-көкпар айдарында «Қаржылық құрылымдар алдында халықтың құқығын қорғайтын арнайы өкілетті орган керек пе?» деген мәселе көтеріліп отыр. 2010 жылдары халқымыздың 30 пайызға жуығы екінші деңгейлі банктердің қызметіне жүгініп, несие тіркеткен болса, бұл көлем бүгіндері екі есеге көбейген. Оған бір жағынан тұтыну тауарларының, соның ішінде тұрмыстық техниканың, шетелдік және отандық су жаңа көліктердің қарызға беріле бастауы да себеп. Қалай дегенмен де, қаржылық институттардың көрсететін қызмет түрі молайған сайын оларға деген қоғамда көңіл толмаушылық та үдеп барады. Банктен, шағын несиелік ұйымнан зардап шеккен талай адам бүгін соттың табалдырығын тоздырып жүр. Алайда олардың көбісі әділеттікке жете алмай, орта жолда тұтылып қалуда. Осы жағынан алғанда, қаржылық құрылымдар алдында халықтың құқығын қорғайтын арнайы өкілетті орган керек секілді. Бұған сарапшы-мамандар не дейді?