Есін біледі, ем алып жатыр – Министрлік Семейде жарақат алған мұғалімнің жай-күйін айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмек көрсету департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева Семейде шырша безендіру кезінде жарақат алған мұғалімнің жай-күйі туралы айтып берді.

— Науқастың жағдайы жақсарып келеді. Қазір ол есін біледі, медициналық көмек алып жатыр. Жарақат алған күні оған шұғыл ота жасалды. Қазір ол жансақтау бөлімінен шығарылды және ісінуге қарсы ем жүргізілуде, - деді Г. Сәрсенбаева Мәжіліс кулуарында.
«Мұғалім қалыпты өмірге қайта оралып, сабақ бере ала ма?» деген сұраққа жауабында министрлік өкілі жарақаттың ауыр екенін атап өтті.
— Науқас қазір ем қабылдайды және кейіннен оңалтуға жіберіледі. Осыдан кейін жағдайы бағаланады. Мұғаімге бас сүйек-ми жарақаты диагнозы қойылды. Бүгін – отадан кейінгі төртінші күн. Науқас есін жиды, барлық сұрақтарға жауап беруде. Әрі қарайғы динамика бақылауда болады. Барлығы ағзаның ерекшеліктеріне және оның қаншалықты тез қалпына келетініне байланысты. Ең бастысы, қазір науқас есін біледі және қойылған сұрақтарға жауап бере алады. Жарақат ауыр болғандықтан, қалпына келу процесі біраз уақытты қажет етеді, - деді спикер.
Еске салсақ, осыған дейін семейлік мұғалім шырша безендіру кезінде жарақат алғаны хабарланған.
Оқиғаға байланысты қала әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаевқа сөгіс жарияланды және білім бөлімінің басшысы Біржан Бұлабаев қызметінен босатылды.