Есірткімен күресте полицияға көмектескен күдікті жастарды жауапкершіліктен босату ұсынылды

Ресейде синтетикалық есірткі сатты деген күдікпен Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары қамауға алынды
Фото: видеодан кадр

Есірткі зертханаларын ұйымдастырғаны үшін жазаны күшейту туралы заңнамаға түзетулер әзірленді. Бұл туралы Мәжілісте есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тақырыбындағы Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ержан Саденов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Биыл 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты жойдық. Бұл топтардағы 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде 13 -і шетел азаматы. Олардан шамамен 100 келі «синтетика», 85 тоннадан астам прекурсор, 13 реактор және 1 мыңнан астам зертханалық құрал-жабдық тәркіленді», - деді Е. Саденов.

Оның айтуынша, құқық қорғау және арнайы органдар жалпы 75 жасырын есірткі зертханасын жойды. 100 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. 8 тоннадан астам дайын заттар өндірісінің жолы кесілді. Бұл өз кезегінде шамамен 25 млн бір реттік доза және мыңдаған аман қалған адамдардың өмірі. Өйткені «синтетикалық есірткі» бірден тәуелділікке әкеп соқтырады және денсаулықты құртады. Осылайша прекурсорларды және зертханалық құрал-жабдықты заңсыз жеткізудің жолын кесу - тиімді профилактикалық шара саналады.

«Синтетикалық есірткіні өндірумен байланысты қауіп-қатерді ескере отырып, есірткі зертханаларын ұйымдастырғаны үшін жазаны күшейту туралы заңнамаға түзетулер әзірленді. Қазір есірткі зертханаларын ұйымдастырушылар «есірткіні өткізу мақсатында бір топ адаммен және аса ірі көлемде әзірлегені әрі қайта өңдегені үшін жауапкершілікке тартылады. Санкциясы - 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Ұсынылатын түзетулерде осы әрекеттер 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен ҚК 297-бабының 4-бөлігі бойынша дәрежеленетін болады. Сонымен қатар, қоғамда есірткі «жасырушыларға» арналған жазалаудың тым қатаңдығы туралы мәселе көтеріліп жатыр. Бұл қылмыстарға жастар мен жасөспірімдер жиі тартылып жатыр. Шынымен, есірткі өткізушінің «портреті» өзгерген. Олар үшін интернет-технологияларын белсенді пайдалану үйреншікті жағдай», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазір 6 кәмелетке толмаған сотталды. Тағы 26 жасөспірім жауапкершілікке тартылып жатыр.

«Бұл ретте біз тиісті түзетулерді әзірледік. Егер қылмыс бірінші рет жасалса, сондай-ақ кінәлі адам тергеу органдарымен белсенді ынтымақтастықта болса, есірткі өткізушілерді жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қарастырылады. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Мәжіліс депутаттарын осы түзетулерді заң жобасы аясында қарастыруды сұраймын», - деді ведомсиво басшысы.

Соңғы жаңалықтар