Ет қымбаттай ма?
Мәселен, осыған дейінгі ала-құла мәліметтерді сараласақ, су тасқыны салдарынан 8 мың 296 ірі қара мал, 33 мың 400 қой-ешкі, 1 мың 960 жылқы малы қырылған. Бұл деректер де нақты емес әрі қауіптің әлі де сейілмегенін ескерсек, жұттың киер кебі бұдан да зорая түсуі әбден мүмкін.
Табиғат апаты салдарынан орын алған жұт бір ғана шығыстағы өңірдің малын жалмаған жоқ. Ал осының алдында Қызылағашта орын алған апатқа байланысты мал тұрмақ адамның өліміне қатысты айтылып жатқан ресми деректерге жұрттың көңілі ешбір көншімейді. Бұдан бөлек, жаппай қырылмағанымен, Алматы, Жамбыл облыстарының бірқатар өңірлерінде қыстағы қардың қалың түсуі салдарынан шаруалардың ірілі-ұсақты малдары да арам қатып қалғанын естідік. Тіпті биылғы мал шығынына қатысты Қазақстанның барлық өңірлерінде де жағдай ұқсас десе болады, табиғаттың тосын мінезі әжептәуір мал басын кемітті, жұт жалмап кетті. Сондықтан болуы керек «биыл ет қымбаттайды екен» деген сыпсың сөз жұрт арасында гулеп барады.
Әрине, жұрт арасындағы бұндай шикі болжамдарға назар аудармауға да болмайды. Өйткені, жыл сайын шаруалардың шай-тұзды ажыратуға арнап баптайтын ірілі-ұсақты малы қаһарлы қыстың құрбандығына шалынған. Жем-шөптің аздығынан арам өлтірмес үшін амалсыздан арзанға саудалап жатқандары да толып жатыр. Бір жұтта мал басын кеміткен қазақ, оны қайта көтергенше шақтап сойып, жан бағатыны белгілі. Ендеше, биылғы жылдың ет мәселесі қазақ үшін оңайға соқпайтын өзекті мәселеге айналатын түрі бар.
Тоқтала кететін жайт, соңғы кездері Қазақстан алдағы жылдардағы жоспарына сәйкес ет экспортын сонау екпінді кезеңдегі деңгейге көтеру үшін барын салып жатыр. Тіпті Кедендік одақ аясындағы бетке ұстар басымдығымыздың бірі де осы ет саласы секілді көрінеді. Яғни, ет экспортын дамыту бұл еліміздің экспорттық саясатының маңызды мәселесі болып тұр. Алайда Ресейге бүгінгі күні Қазақстаннан ет экспортталмайды десе де болады. Алдағы жылдары осы бағыттағы ірі қара мал етінің экспортын жыл сайын 60 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бірақ, бұндай үлкен жоспарды жүзеге асыру үшін де үлкен күш керек тәрізді. Әйтпесе, басқасын былай қойғанда, бүгінгі ішкі нарықтағы жағдайдың өзі етті экспорттаудан бұрын, оның ішкі сұранысын ұстап тұру да оңайға соқпауы мүмкін.
Расында, Қазақстан өзі сыртқа шығармақ түгілі, осы уақытқа дейін еттің біршама бөлігін экспорттан алып жейтін. Америкадан «Буштың сирақтары» секілді құс етінен бастап, Алтайдың арғы жағынан ірі қара малдың да еті мен жүні там-тұмдап келіп тұрушы еді. Бірақ биылғы қыс Моңғолиядағы малдың басын да ойсыратып жұтты. Бір қыстың ішінде 2 млн.-ға тақау малынан айырылған Моңғолияның өзі қазіргі күні гуманитарлық көмекке аса зәру.
Сондықтан да, ет бағасына қатысты жұрт аузындағы күбір-сыбырдың да жаны бар тәрізді. Тоқтала кететін жайт, осыдан біршама уақыт бұрын солтүстік облыстарда ет бағасының қымбаттауы жұртты дүрліктірген еді. Бәзбіреулер бұл жағдайды мал сою алаңдарының енгізілуімен байланыстыруға тырысса, ресми министрлік оны жоққа шығарып бақты, нарықтағы арандатушыларды әшкерелеп көрсеткендей болған. Осы тұста Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағасына қатысты позицияны берік ұстанатынын білдірген сыңай да танытып, жұртты дүрліктірген жалған ақпараттарға дүркін-дүркін түзетулер де енгізген болатын. Ал алдағы уақытта ет тапшылығы елдің барлық аймақтарына бірдей сезілсе қалай болмақ? Сондықтан да, ет мәселесіне қатысты уақтылы қамданған игі.