Ет өндіруде Батыс Қазақстан облысының әлеуеті мол - Қ.Ақон, мал маманы
ОРАЛ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі халыққа Жолдауында: «Енді біз мал шаруашылығы саласына баса көңіл бөлуіміз қажет. 2016 жылы біздің ет экспортымыз 60 мың тоннаға дейін өсетін болады. Бұл 4 млн. тонна астықтың экспортына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 млрд. теңге несие көздерін бөлетін болады», деп атап көрсетті.
Осы орайда Батыс Қазақстан облысының мүмкіндігі, әлеуеті мол. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Қали Ақон мәлім етті.
Оның айтуынша, БҚО - қазақтың ақбас сиырын өсіретін бірден-бір өңір. Жыл сайын жалпы мал басы да, одан алынатын өнім мен төл де өсіп келеді. Бұған еліміздегі ірі жобалардың бірі - Зеленов ауданы Янайкин ауылында іске қосылған 8640 басқа арналған мал бордақылау кешені игі ықпалын тигізетін болады. Мұнда 2 мың тонна жоғары сапалы етті экспортқа шығару көзделген. Болашақта осыны 5 мың тоннаға дейін жеткізуге болады. Аталмыш кешеннің өз құрамажем зауыты, соңғы технологияға негізделген ет комбинаты бар, яғни мүмкіндігі жетеді. Өңірдегі 180 шаруа қожалығы, 4 ірі мал бордақылау алаңы, 5 асыл тұқымды шаруашылық аталмыш мал бордақылау кешенімен келісім-шарт жасап, соған сәйкес малмен қамтамасыз ете алады. Бұл бағытта үкіметтік бағдарлама қабылданатын болады. Кешенге мал тапсыру ісіне жеке тұлғалар да қатыса алады. «Елбасы айтқандай, мал шаруашылығына осылайша көңіл бөлінуі, сөз жоқ, саланы ілгерілетуге жол ашады. Бұл халықтың да өз қажетін өтеп, жұмыс табуына, сөйтіп әл-ауқатын нығайтуына мүмкіндік береді», - деді Қ.Ақон.