Этна жанартауы атқылап, Сицилиядағы әуе қатынасына кедергі келтірді
АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Сицилия аралындағы Этна жанартауының кезекті атқылауы әуе қатынасына әсер етті. Күлдің көп мөлшерде таралуы мен лаваның атқылауына байланысты Катания әуежайында ұшақтарды қабылдауға шектеу енгізілді, деп хабарлайды BILD.
8 тамызда Этна жанартауы белсенділіктің жаңа кезеңіне өтті. Жанартау маңында күл мен түтін қарқынды атқылап, Сицилия аспанын үлкен бұлт басқан.
Осыған байланысты Катания әуежайы бастапқыда барлық келетін рейстерді қабылдауды тоқтатты. Ал ұшып шығатын рейстерді қалыпты кесте бойынша орындау жоспарланған.
– Жолаушыларға әуежайға барар алдында әуе компанияларынан өз рейстерінің мәртебесін тексеру ұсынылады. Жағдай күл бұлтының таралу бағытына байланысты өзгеруі мүмкін, – делінген хабарламада.
Шектеулер Сицилиядағы ең ірі әуежайлардың біріне әсер етті. 2024 жылы Катания әуежайы 12,3 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсеткен.
Этнаның атқылауы өңірдегі әуе қатынасына тұрақты түрде әсер етеді. Жанартау күлі ұшақтарға қауіп төндіретіндіктен, ол әуежай маңына тараған жағдайда билік әуе қозғалысын шектеуі немесе уақытша тоқтатуы мүмкін.
Этна – Еуропадағы ең биік белсенді жанартау және әлемдегі ең белсенді жанартаулардың бірі. Биыл шілдеде оның атқылауына байланысты Катания әуежайында 120-ға жуық рейс тоқтатылып, тағы 60-тан астам рейс Сицилияның басқа әуежайларына бағытталған.
2 маусымда да Этна атқылап, жанартау кратерінен бірнеше шақырым биіктікке қою түтін мен күл көтерілген еді.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында да да Сицилияда Этна жанартауы қайта атқылай бастағанын жаздық.