Етті мал басын өсіруде жайбасарлық танытқан әкімдер қызметінде ұзақ тұрақтамайтын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 180 миллион гектарға тең кең жайылымдық алқабы мал шаруашылығын дамытып, жоғары экологиялық таза ет өндірудің ауқымды әлеуетіне мүмкіндік береді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне жүгінсек, бұл әлеует өсімдік шаруашылығының көлеңкесінде қалып, ет өндіру бойынша саланың технологиялық тізбегін дамыту жөніндегі шаралар кешенінің жоқтығына байланысты тиісті деңгейде пайдаланылмады.

Етті мал басын өсіруде жайбасарлық танытқан әкімдер қызметінде ұзақ тұрақтамайтын болды

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында министрлік алдына орта мерзімді перспективада қазақстандық ет экспортының көлемін 60 000 тоннаға дейін жеткізу міндетін қойды. Бірақ та Үкіметтің бүгінгі отырысында осы саладағы кемшіліктердің салдарынан әкімдер Премьер-Министр Серік Ахметовтің сынына ұшырады. Атап айтқанда, Үкімет басшысы мал шаруашылығын дамытпаған аудан әкімдерін жұмыстан босату мәселесін көтерді.

АШМ басшысы Асылжан Мамытбековтің айтуынша, мал шаруашылығын дамыту аясында Қазақстанның барлық аудандары ішінде рейтинг жүргізіледі. Онда фермерлік шаруашылықтардың аналық мал басын тұқымдық түрлендірумен қамту көрсеткіші бойынша 10 үздік және 10 нашар аудан көрсетілген. Үздік 10 ауданда тұқымдық түрлендіруге 21 пайыздан 34 пайызға дейін, көрсеткіші төмен аудандарда 2 пайызға дейін мал тартылған.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Серік Ахметов көрсеткіштері төмен 10 әкімді жұмысынан босату туралы мәселені облыс әкімдерінің алдына төтесінен қойды.

«Біз өткен жылы да АШМ алқа мәжілісіне мал шаруашылығымен айналысатын барлық аудан әкімдерін шақырған едік. Олардың алдына экспорттық әлеуетті дамыту мәселесі қойылған болатын. Осы екі жылда мал шаруашылығын дамытуда сапалы ілгерілеу мақсаты жүктелді. Неліктен өткен 2 жылда көрсеткіші нашар 10 ауданда тиісті жұмыстар атқарылмаған?», - деп тоқталды С. Ахметов.

«Неге сіз министр ретінде осы мәселені көтермейсіз? Мен қазір бұл жайында облыс әкімдерінен сұраймын. Неге өзіндегі негізгі жұмыспен, яғни мал шаруашылығын дамытумен айналыспаған ауылдық, аудандық әкімдер жұмыстан босатылмаған?! Аналық мал басын жақсарту негізгі мәселе және мұндай нәтижемен сіздер министрлік ретінде мақсатты орындай алмайсыздар ғой. Осы орайда облыс әкімдерінің алдына мәселені төтесінен қоямын, атап айтқанда көрсеткіші төмен әкімдерді (аудан әкімдерін) қызметінен босату туралы шешім шығаруы тиіс», - деп түйді Премьер-Министр.

Шынымен де, өңірлердегі осындай жайбасарлық салдарынан экспорттық әлеуетті толық жүзеге асырудың күнін жақындату қиынға түсері анық. Астық экспорты жолға қойылғанымен, отандық ет өнімдерін сыртқа шығаруды ұйымдастыру бағытында мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігі тиісті деңгейде орындалмай отыр. Бұл ретте бүгінгі ескерту облыс әкімдері мен министрлік өкілдерін қамшылай түсері сөзсіз.

Осыдан кейін А. Мамытбеков «Сыбаға» бағдарламасының жүзеге асырылуы барысына тоқталды. Бағдарлама аясында аналық табынды сатып алу бойынша 2011-2013 жылдарға арналған жоспар 124 мың бас болатын, осы жылдары іс жүзінде 166 мың бас ірі қара мал (ІҚМ) сатып алынды, асыра орындау 34%-ды құрады. Тек 2013 жылдың өзінде фермерлер 50,7 мың бас ІҚМ сатып алды. Аналық мал басын сатып алу бойынша 2014 жылға арналған жоспар 50,0 мың басты құрамақ.

«Ағымдағы жылдан бастап мал басын сатып алуға фермерлерді қаржыландыру үшін «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдарымен қатар екінші деңгейлі банктер мен несиелік серіктестіктер тартылады. Жаңа «Агробизнес 2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік бюджеттен несиелер бойынша сыйақы ставкасы субсидияланатын болады»,-дейді ведомство басшысы.

Тұқымдық түрлендіру 2013 жылдың қорытындысы бойынша агроқұрылымдар мен фермерлік шаруашылықтардағы ІҚМ-нің 390 000 астам аналық басын қамтыды. Өткен жылдармен салыстырғанда аналық мал басын тұқымдық түрлендірумен қамту көрсеткіші жақсарды, ол бағдарламаны іске асырудың негізгі өлшемі болып табылады. Осы жерде айта кету керек, өңірлер бөлінісінде аналық мал басын тұқымдық түрлендіруге тартуға Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының фермерлері белсенді түрде қатысуда, оларда аналық мал басының тұқымдық түрлендірумен қамтылуы 31-ден 16 пайызға дейін құрайды.

Айта кету керек, етті мал басын арттыру жобасының басында ІҚМ асыл тұқымды мал басының саны төмен болды және ІҚМ жалпы санының 5,6%-ын құрады. Қазір бұл көрсеткіш 9%-дан асады. 2013 жылы етті бағыттағы асыл тұқымды ІҚМ басының өсімі 55,3 мың басты немесе 2012 жылғы көрсеткішке қарағанда 25%-ды құрады. Бұл ретте, өткен жылы негізгі өсім асыл тұқымды малды импорттау (20 мың бас) есебінен емес, ішкі малдың өсімін молайту (34,5 мың бас) есебінен орын алғанын ескеру қажет. Жобаны іске асыру басталғалы бері елге 40,4 мың бастан астам (2011-2013 жылдарға жоспар 36 мың бас) мал импортталды, бұл жоспарға қарағанда 112%-ды құрайды.

«Асыл тұқымды малдың импорты осы малдың ішкі нарығында бәсекелестікті ұлғайтты және тауарлық шаруашылықтар үшін асыл тұқымды бұқаларды барынша қолжетімді етті. Мысалы, жобаны іске асырудың басында отандық асыл тұқымды бұқалардың құны тірі салмақтағы әрбір келісіне 2 мың теңгеге жетсе, ал қазір ол баға 1000-1200 теңге шегінде тұрақтады»,-деді А. Мамытбеков.

Жалпы алғанда, бүгінде экспорт бағытында алғашқы бастамалар бар - премиум сыныбындағы сапасы жоғары сиыр етінің экспорты басталды. 2013 жылы шамамен 4,5 мың тонна ет және ет өнімдері экспортқа өткізілді, оның ішінде 340 тонна премиум сыныпты сиыр еті бар. «Экспорт көлемі үлкен болмаса да экспорт құрылымы сапалы түрде өзгерді. Енді біз экспортқа дәмдік қасиеттері жоғары, премиум сыныпты мәрмәр тәрізді сиыр етін жөнелтеміз. Мұндай ет нарықта бөлек бағаға ие және мейрамханалар мен ірі сауда желілері тарапынан жоғары сұраныспен пайдаланылады»,-дейді ведомство басшысы. Осы орайда 2014 жылға жоспар кемінде 10 000 тонна ет экспорттауға негізделген. Министрлік бұл көрсеткіштерді әкімдіктердің рейтингі айқындалатын кешенді жоспардың нысаналы индикаторларына енгізуді ұсынып отыр.

Сонымен қатар инвестициялық субсидиялармен салымдар және ет жобасының басқа да бағыттарын ынталандыру жалғаспақ. 2014 жылы инвестициялық субсидияларға барлығы 4 млрд. теңге қажет, осы орайда министрлік оны бюджетті нақтылау кезінде қарастыруды сұрап отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қоюына байланысты оған заңнамалық негіз бар. «Сондай-ақ, Министрлік мүдделі органдармен ІҚМ лизингінің пайыздық ставкаларын субсидиялау мәселесін пысықтады және заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізуге бастамашылық жасады. Бұл мәселе Республикалық бюджет комиссиясының жақын арадағы отырысына шығарылады. Ұсынылып отырған тетік ІҚМ лизингі бойынша қолданыстағы ставканы субсидиялау есебінен 4%-ға дейін төмендетуді көздейді, бұл малды сатып алуды қаржыландыруды қамтамасыз етеді»,-деді министр.