Қазақстандық банкке бәсекелестік заңын бұзды деген айып тағылды

АСТАНА. KAZINFORM – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Еуразия банкі  қызметінен  заң бұзуды анықтады.

Еуразия банкі несиелерінің 98%-ын бір компания арқылы сақтандырып келген
Фото: freepik

Агенттік таратқан хабарламада айтылғандай, автонесие рәсімдеу кезінде клиенттерге КАСКО шартын тек аффилиирленген сақтандыру компаниясы СК Еуразиямен ғана жасау ұсынылғаны туралы шағым түскен. Талдау нәтижесінде 2024 жылы берілген автонесиелердің 98 пайыздан астамы дәл осы сақтандыру ұйымы арқылы рәсімделгені анықталды.

— Агенттік жүргізген талдау нәтижесінде нарықта анағұрлым тиімді шарт бойынша қызмет көрсететін өзге сақтандыру компанияларының бар екені белгілі болды. Сақтандыру ұйымдары банктердің нақты бір сақтандыру компаниясының қызметін мәжбүрлі түрде ұсынуы олардың қаржылық қызметіне залал келтіріп, бәсекелестікті шектеуі мүмкін екенін растады.

Қолданыстағы заңнамада қарыз алушыларды сақтандыру ұйымын таңдауда шектеуге тыйым салынады, — делінген хабарламада.

Тексеру нәтижесінде банк бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілерінің барын өз еркімен мойындап, оларды жою бойынша шаралар қабылдады.

Соңғы жаңалықтар