Еуразия даму банкі «Белинвестбанк» Беларус даму және қайта құру банкімен жаңғыртпалы несие желісі келісіміне қол қойды

АЛМАТЫ. 25 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Еуразия даму банкінің (ЕДБ) баспасөз қызметі ЕДБ мен Беларус даму және қайта құру банкі арасында жаңғыртпалы несие желісі келісіміне қол қойылғанын хабарлады.

Еуразия даму банкі «Белинвестбанк» Беларус даму және қайта құру банкімен жаңғыртпалы несие желісі келісіміне қол қойды

«Белинвестбанк» клиенттерінің экспорттық-импорттық операцияларын қаржыландыруға берілмек 20 миллион АҚШ доллары көлеміндегі несиелік желі 2 жыл мерзімге ашылып отыр.

«Біз саудалық қаржыландыруды өзара сауданы дамыту құралы ретінде және ЕДБ-нің өнімдер желісін кеңейту құралы ретінде қарастырып отырмыз. Экспорттық-импорттық операцияларды қаржыландыру банктің мүше-елдері субъектілері арасындағы корпоративтік және серіктестік байланыстың дамуына оң ықпалын тигізеді. Бұл өз кезегінде бірлескен кәсіпорындарды ашуға түрткі болады», - дейді ЕДБ-нің Басқарма мүшесі, Корпоративтік қаржыландыру жөніндегі басқарушы директоры Дмитрий Красильников.

«Белинвестбанк» жобалары 2010 жылдың мамыр айында қабылданған «ЕДБ-ның сауданы қаржыландыру құралдарын дамыту және мүше-мемлекеттер арасындағы өзара сауданы кеңейту бағдарламасы», аясында жүзеге асырылуда. Оған Беларус Республикасынан «БПС-Банк» пен «Белгазпромбанк», Ресейден «ЛОКО-Банк», «Ақ Барс», «Санкт-Петербург банкі» қатысуда.