Еуразия мемлекеттерінің парламентшілері көпвекторлы ынтымақтастық мәселелерін талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеуде Еуразия мемлекеттері парламент спикерлерінің бірінші кеңесінің отырысына Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Абай Тасболатов қатысты.
«Еуразия өңірі ХХІ ғасырдағы ортақ игілігі жолындағы парламентаралық ынтымақтастық» тақырыбында өткен форум аясында еуразиялық кеңістікте парламентаралық диалогты дамыту мәселелері жаңа форматтағы кездесулерде талқыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Еуразия парламентшілері саяси, экономикалық, құқықтық және гуманитарлық, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау салаларында көпвекторлы ынтымақтастықты кеңейту туралы жаңа форматтағы кездесулер барысында әңгіме өрбітті. Бұдан бөлек, депутаттар өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, экстремизмге қарсы күрес және дінаралық, конфессияаралық диалогты дамыту проблемаларына ерекше назар аударды», - делінген баспасөз баянында.
Айта кетейік, Ресей Федерациясы мен Корея Республикасы бастамашылық жасаған Кеңес отырысына Әзербайжан, Ауғанстан, Беларусь, Иран, Қазақстан, Камбоджа, Корея, Пәкістан, Тәжікстан, Таиланд пен Қытай делегациялары қатысты.