Еуразия университетінде «Алтын белгі» иегерлеріне қосымша білім гранттары бөлінді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Университеттің Ғылыми кеңесінің шешіміне сәйкес биыл Еуразия ұлттық университетіне оқуға өтініш білдіріп, бірақ конкурс кезінде грантқа ұпайлары жетпей қалған «Алтын белгі» иегерлеріне қосымша 15 грант, сондай-ақ ҚР Ұлттық банкі тарапынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған үздіктерге 5 грант бөлініп отыр. Осыған орай университет қабырғасында өткен жиын барысында тегін оқуға мүмкіндік беретін аталған білім беру гранттары «Алтын белгі» иегерлеріне салтанатты түрде табысталды.
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайымовтың айтуынша, өткен жылы университетке 255 «Алтын белгі» иегері құжат тапсырса, биыл олардың саны 407-ге дейін өскен. Жалпы, ағымдағы жылы Еуразия ұлттық университеті бойынша 1847 талапкер грантқа ие болып отыр.