Тамыры бір, мүддесі ортақ: Қазақстан–Түркия ықпалдастығы қалай тереңдеп келеді
АСТАНА. KAZINFORM – 13 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Астанаға мемлекеттік сапармен келеді. Кездесу барысында екі ел басшысы кейінгі жылдары қарқын алған серіктестіктің жаңа басымдықтарын айқындамақ. Маңызды дипломатиялық оқиға қарсаңында Kazinform тілшісі Астана мен Анкара арасындағы қатынастардың бүгінгі даму деңгейі мен болашағына жан-жақты шолу жасады.
Ортақ ұстанымнан институционалдық ықпалдастыққа
Түркия – 1991 жылы тәуелсіздік туралы заңға қол қойылғаннан кейін небәрі 15 минут ішінде Қазақстанның егемендігін алғаш таныған мемлекет. Қос тараптың байланысы алғашқы сәттен-ақ ерекше қарқынмен қалыптасты. 1992 жылы 2 наурызда дипломатиялық қатынастар орнатылып, Қазақстанның алғашқы шетелдік елшілігі Анкарада ашылды.
Көпқырлы серіктестікке дейінгі даму жолын ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы Алмас Тоекин жүйелі эволюция ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, 30 жылда Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар этникалық-тарихи тұрғыда жақын байланыстардан институционалданған стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін жеткен. Оны бірнеше кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең (1990 жылдардың аяғы – 2000 жылдардың басы) саяси негізді қалыптастырумен және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты күшейтумен ерекшеленді. Осы кезеңде екі ел арасындағы өзара түсіністік пен тарихи жақындық практикалық ынтымақтастықтың іргетасына айналды.
Одан кейінгі кезең (2009–2022 ж.ж.) қатынастардың институционалдық деңгейге көтерілуімен сипатталып, Стратегиялық серіктестік туралы шарттың қабылдануы және Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің құрылуымен бекітілді.
Ал 2022 жылдан бастап қатынастар жаңа сапалық кезеңге өтті. Күн тәртібіне көлік-логистика, энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, IT, жасанды интеллект, білім беру, денсаулық сақтау және туризм сияқты нақты салалық басымдықтар енгізілді. Ол өз кезегінде экономикалық қатынастардың жаңа деңгейге көтерілуіне тікелей әсер етті.
– Өткен жылғы деректер бойынша өзара сауда көлемі 5,4 млрд АҚШ долларына жетті. Екі ел алдында оны 10 млрд долларға дейін арттыру міндеті тұр. Қазақстанда түрік капиталы бар 5 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Түркиядан Қазақстанға соңғы 20 жылда тартылған инвестиция көлемі шамамен 6 млрд доллар болса, Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы 2,5 млрд доллардан асты, – деп атап өтті сарапшы.
Экономикалық іс-қимыл тек көлем жағынан емес, мазмұндық тұрғыдан да терең трансформацияға ұшырады. Нәтижесінде бұл қатынастар декларативті «бауырластық» сипатынан шығып, нақты экономикалық мүдде мен прагматикалық жобаларға негізделген серіктестікке айналды.
– Үш онжылдық ішінде Қазақстан мен Түркия өзара қарым-қатынасты тарихи-мәдени ынтымақтастық моделінен кеңейтілген стратегиялық серіктестік форматына дейін өзгертті. Мұнда саяси сенім, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың артуы және Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясындағы әріптестік қатар дамып отыр. Сонымен қатар ТМҰ-ға мүше елдердің ішінде Түркия мен Қазақстан ЖІӨ көлемі мен экономикалық әлеуеті бойынша көшбасшы, – деді Алмас Тоекин.
Саяси синхронизация
Қазақстан мен Түркияның байланысы көбіне сыртқы саясат модельдеріндегі ұқсастық арқылы түсіндіріледі. Екі мемлекет те жаһандық күш орталықтарымен өзара іс-қимылдың икемді жүйесін қалыптастырып, бір ғана геосаяси блокқа қатаң тәуелді болудан саналы түрде бас тартып келеді. Сарапшылардың айтуынша, НАТО мүшесі әрі өңірлік держава ретінде қалыптасқан Түркияның Ресей, Таяу Шығыс, ЕО, АҚШ, Қытай және Оңтүстік Кавказ бағыттарында салыстырмалы түрде дербес сыртқы саясат жүргізуге ұмтылуы осының айқын көрінісі.
Ортақ стратегиялық логика екі елдің өзара түсіністігін тереңдетіп, саяси жақындасуына берік негіз қалыптастырады.
– Қазақстан мен Түркия тәсілдеріндегі ортақ тұс – прагматизмге сүйену және ұлттық мүдделерді басым қою. Бұл Астана мен Анкара арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтеді Алмас Тоекин.
Дегенмен, серіктестіктің мазмұны тек саяси ұқсастықтармен шектелмейді. Мұнда екі елдің институционалдық және геосаяси рөлдері бірін-бірі толықтыратын сипатқа ие. Түркия өңірлік держава ретінде кең ауқымды сыртқы саясат жүргізсе, Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтаушы негізгі орталықтардың бірі ретінде қалыптасқан. Бұл айырмашылықтар бәсекелестік емес, керісінше серіктестіктің беріктігін арттырып, жаһандық тұрақсыздық жағдайында бейімделе алатын орнықты модельді қалыптастырады.
Өзара толықтыру тетіктері көпқырлы ынтымақтастықтың институционалдық негізімен нығая түседі. Соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) ерекше орын алады. Соңғы жылдары ұйым мәдени-гуманитарлық платформа шеңберінен шығып, экономикалық және көлік-логистикалық бағыттарды үйлестіретін нақты саяси-экономикалық алаңға айналды. Бұл құрылымда Қазақстан мен Түркия негізгі қозғаушы елдер ретінде алдыңғы қатарға шығып отыр. Ортақ қағида мен институционалдық тетіктердің үйлесуі екіжақты қатынастардың тұрақтылығын арттырып қана қоймай, оның халықаралық деңгейдегі салмағын да күшейтеді.
– 15 мамыр күні Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымы басшылары кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Биылғы кездесудің басты тақырыбы – жасанды интеллект пен цифрлық даму. Бұл бағыттың күн тәртібіне шығуы кездейсоқ емес деп есептейміз. Өйткені әлемдік экономика, саясат және қауіпсіздік жүйесі қазір технологиялық трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Осындай жағдайда түркі мемлекеттері де ортақ цифрлық кеңістік қалыптастыруға мүдделі екенін көрсетті, – деп атап өтеді сарапшы.
Осы үрдістердің барлығы екі елдің жаһандық деңгейдегі рөлін біртіндеп айқындап келеді. Мұны әсіресе Анталия дипломатиялық форумы айқын көрсетті. Дәстүрлі түрде жаһандық диалог алаңы саналатын бұл платформа 2026 жылы Қазақстан мен Түркияның халықаралық процестердегі ықпалын танытатын маңызды саяси кеңістікке айналды.
Экономикадағы қарқын
Биылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 1,127 млрд АҚШ доллары көлемінде болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44,9 пайызға өсті. Көрсеткіш екі ел арасындағы экономикалық байланыстың айтарлықтай күшейіп, сауда-саттықтың жаңа қарқын алғанын аңғартады.
Жалпы өсімнің негізгі драйвері Қазақстан экспортының айтарлықтай артуы болды. Екі ай ішінде еліміздің Түркияға жөнелткен экспорты 66,1 пайызға өсіп, 916,4 млн долларға жетті, яғни Қазақстан көрші нарыққа бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда әлдеқайда көп көлемде өнім шығара бастады.
Экспорт құрылымына тереңірек үңілсек, оның басым бөлігі дәстүрлі түрде шикізат пен металлургия өнімдеріне тиесілі екенін көруге болады. Атап айтқанда, мыс және мыс катодтарының экспорты 2,3 есеге артып, 515,7 млн долларға жеткен. Сонымен қатар шикі мұнай жеткізілімі 31,7 пайызға өсіп, 314,5 млн доллар болды. Бұған қоса өңделмеген алюминий 22,4 млн доллар, ал мырыш 20 млн доллар көлемінде экспортталған.
Осы деректер Қазақстанның Түркия нарығына негізінен өнеркәсіптік шикізат жеткізуші ел ретінде қалып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар экспорт құрылымында динамика өзгерісі байқалған бағыттар да бар. Мәселен, мұнай өнімдері 80,7 пайызға, мақта талшығы 92,6 пайызға, пропилен полимерлері 84,5 пайызға, тас көмір 44,2 пайызға, ал табиғи газ 58,2 пайызға қысқарған.
Ал Түркиядан Қазақстанға импорт көлемі керісінше 6,7 пайызға төмендеп, 210,8 млн доллары көлемінде тіркелді. Мұнда да жекелеген салалар бойынша өсім байқалады. Атап айтқанда, дәрілік заттар көлемі 26 пайызға артса, шоколад өнімдері 2,3 есе, күнбағыс тұқымы 31,7 пайыз, ал электр генераторлары 3,6 есе көбейген. Сонымен қатар өнеркәсіптік техника мен жабдықтарға сұраныстың артуы байқалады.
Жалпы алғанда, биылдың басында Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда қатынастары айқын жандану үрдісін көрсетті. Қазақстан экспортының қарқынды өсуі нәтижесінде сауда балансы еліміздің пайдасына қалыптасты. Ал импорт құрылымы азық-түлік, фармацевтика және өндірістік техникаға деген тұрақты сұранысты айқындайды. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің біртіндеп тереңдеп, құрылымдық тұрғыдан дамып жатқанын көрсетеді.
Инвестициялық климаттың қалыптасуы
Сауда көлемінің өсуі қос ел арасындағы экономикалық байланыстың нығайғанын көрсетеді, ал инвестициялық бағыттағы динамика мынадай: 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Түркияның Қазақстанға салған инвестициясы 191 млн АҚШ доллар болды, көлемі 2,3 есе азайған. Ал Қазақстанның Түркия экономикасына бағыттаған инвестициясы - шамамен 1 млрд доллар, 31,7 есе артқан. Сонымен қатар түрік капиталы бар компаниялардың саны қысқарып, жыл басында 3,7 мың шамасында болған, мәліметтерге сәйкес 7,5 пайызға төмендеген.
Бұл көрсеткіштер инвестициялық қатынастар құрылымында өзгеріс жүріп жатқанын аңғартады, яғни Түркия бизнесінің, әсіресе құрылыс секторындағы дәстүрлі белсенділігі біртіндеп әлсіреп, оның орнын капитал қозғалысының жаңа бағыттары басып келеді.
Сарапшы Алмас Тоекиннің айтуынша, бұл үрдіс экономикалық байланыстардың саяси декларациялар деңгейінен шығып, нақты жобаларға, инвестициялық әріптестікке және өзара тиімді кооперацияға негізделе бастағанын білдіреді.
– 10 млрд АҚШ доллары көлеміндегі сауда мақсатына қол жеткізу үшін экономиканы әртараптандыру, қайта өңдеу саласын дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету және логистикалық кедергілерді азайту қажет, – деп атап өтеді сарапшы.
Бұл міндеттер тікелей көлік-логистика саласымен байланысты. Әсіресе «Орта дәліз» бағыты осы тұрғыда негізгі стратегиялық буынға айналып отыр.
– Қазіргі уақытта көлік-логистикалық бағыт екіжақты серіктестіктің ең жылдам дамып келе жатқан және стратегиялық маңызды саласына айналды. Қос тарап «Орта дәліздің» өткізу қабілетін арттыруға ұмтылып отыр. Бұл бағыт Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Түркия және Еуропа арасындағы «Шығыс–Батыс» бағыты бойынша негізгі торапқа айналып келеді. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2030 жылға қарай осы бағыт арқылы жүк тасымалы үш есеге дейін артып, транзит уақыты қысқаруы мүмкін, – деп атап өтті сарапшы.
«Орта дәліз» бен логистикалық тораптардың жаңа рөлі
Қазіргі таңда екі ел арасындағы жүк ағынын қамтамасыз ететін үш негізгі бағыт қалыптасқан. Олар – Ресей аумағы арқылы өтетін тікелей автокөлік жолы, Ақтау және Құрық порттары арқылы Каспий теңізін кесіп өтіп, Әзербайжан арқылы Түркияға шығатын бағыт, сондай-ақ Қазақстан–Өзбекстан–Түрікменстан–Иран арқылы Түркияға баратын құрлық дәлізі.
Осы инфрақұрылымдық арналардың жұмыс істеуі тасымал құрылымының да нақты теңгерімін қалыптастырған. Деректерге сәйкес, Қазақстан мен Түркия арасындағы жүктің 86 пайызы автокөлік арқылы, 7 пайызы әуе көлігімен, ал қалған 7 пайызы Каспий теңізі арқылы тасымалданады. Мұнда автокөлік бағытының басымдығы оның жылдам әрі икемді болуымен түсіндіріледі. Сонымен қатар Баку–Тбилиси–Карс теміржол желісі арқылы блок-пойыздардың тұрақты қатынауы «Орта дәліздің» өткізу қабілетін едәуір күшейтіп отыр.
Алайда тасымал жүйесінің дамуына қарамастан, сарапшылар бірқатар құрылымдық түйткілдің сақталып отырғанын айтады. Ең алдымен, кедендік рәсімдер мен рұқсат құжаттарын алу процесінің күрделілігі логистикалық тиімділікті төмендетеді. Әсіресе үшінші елдер арқылы өтетін жүкке қосымша рұқсат талап етілуі тасымал тізбегін баяулатып отыр.
Сонымен қатар ұлттық тасымалдаушылардың үлесіне қатысты талап та өзекті мәселе ретінде аталады. Қазақстан тарапы жалпы жүктің 26 пайызын отандық көлік компаниялары жүзеге асыруы тиіс деген шарт қойған, яғни әр 1000 жеткізілімнің 260-ы ұлттық тасымалдаушыларға тиесілі болуы қажет. Алайда соңғы жылдары Түркия бағыты бойынша жұмыс істейтін қазақстандық операторлардың азаюы бұл квотаны орындауды қиындатып отыр.
Мәселеге қатысты сарапшылар Түркияның Еуропалық Одақпен кеден одағы аясында жұмыс істейтінін, сондықтан оның логистикалық жүйесі еуропалық стандарттарға бейімделгенін атап өтеді. Ал түркі мемлекеттері арасында мұндай толық цифрлық интеграция әлі қалыптаспаған. Егер ортақ электронды платформа немесе бірыңғай «бір терезе» жүйесі енгізілсе, тасымал процесі едәуір жеңілдейді.
– Түркия іс жүзінде Қазақстан экспорты үшін Еуропа мен Таяу Шығысқа шығатын негізгі тораптардың біріне айнала алады. Орта мерзімді перспективада Түркияның маңызы Зангезур дәлізі немесе TRIPP бағыты іске қосылған жағдайда одан әрі арта түсуі мүмкін. Бұл жаңа құрлықтық маршрут Армения аумағы арқылы Нахчыван өңіріне, одан әрі Түркияға шығатын «Орта дәліздің» жалғасы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар Ресей арқылы өтетін солтүстік бағыттардың тартымдылығының төмендеуі және «Орта дәлізге» деген қызығушылықтың артуы бағытты Азия мен Еуропа арасындағы негізгі логистикалық арналардың біріне айналдырып отыр. Түркия дәл осы тораптың стратегиялық түйісу нүктесінде орналасқан, – дейді Алмас Тоекин.
Қазіргі кезеңде толыққанды «түрік хабы» қалыптасты деп айтуға әлі ерте. Бұған негізгі кедергі ретінде «Орта дәліздің» өткізу қабілетінің шектеулілігі аталады. Әсіресе Каспий теңізі маңындағы порт инфрақұрылымы, теміржол учаскелері мен терминалдардың жеткіліксіздігі өзекті мәселе болып отыр. Мысалы, Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры бағыты бойынша мұнай экспортын арттыру үшін порттарды жаңғырту және инфрақұрылымды кеңейту қажеттігі туындайды.
– Маршруттың мультимодальды сипаты уақытты ұзартып, шығындарды көбейтеді және қосымша тәуекелдер туғызады. Сонымен қатар Каспий арқылы қайта тиеу, теміржол табандарының әртүрлілігі, тарифтік саясат пен кедендік рәсімдердің толық үйлеспеуі де логистикалық жүйеге қосымша салмақ түсіреді. Осы түйткілдер кезең-кезеңімен шешілуі қажет, – дейді сарапшы.
Мәдени байланыс пен білім беру ықпалдастығы
Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық және білім беру байланыстары жыл өткен сайын тереңдеп келеді.
Сыртқы істер министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, Түркияда Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына арналған 61 нысан тіркелген. Олардың қатарында ескерткіштер, саябақтар, көшелер, мектептер мен мәдени орталықтар бар. Соның ішінде Анкарадағы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткіш пен саябақ, Қазақстан–Түркия достығы саябағы, композитор Тәттімбет Қазанғапұлына қойылған ескерткіш, сондай-ақ Анталиядағы домбыра мүсіні екі ел арасындағы рухани байланыстың айқын символына айналған.
Өзара ықпалдастық Түркиямен ғана шектелмейді. Қазақстанда да түрік мәдениеті кеңінен көрініс тапқан. Астанадағы Анадолы көшесі, Шымкенттегі Түркия көшесі, сондай-ақ Алматыдағы Ататүрікке арналған ескерткіш пен саябақ екі ел арасындағы тарихи-рухани сабақтастықты нақтылай түседі.
Мәдени байланыс білім беру саласындағы ынтымақтастықпен қатар дамып келеді. Қазіргі таңда Түркия университеттерінде 13 971 қазақстандық студент білім алып жүр.
Сонымен бірге институционалдық әріптестік те нығайған. Қазақстанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Гази университетінің филиалы жұмыс істейді. Бұған қоса гуманитарлық ынтымақтастық аясында Қазақстан Түркиядағы жер сілкінісінен кейін қолдау танытты. Қазір Газиантеп қаласының Нурдагы ауданында 960 орындық мектеп құрылысы жүзеге асып жатыр.
P.S. Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынас саяси, экономикалық және мәдени бағыттарда кешенді түрде дамып келеді. Ал кезекті сапар байланысты жаңа сатыға көтеріп, ынтымақтастықтың келесі кезеңін айқындауы мүмкін.