Еуразиялық талқы: Астана мен Тегеран қандай келісімге келді

Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианның Қазақстанға сапары еліміздің Каспий аймағындағы саяси салмағын көрсетті. Көптен күткен кездесуде перзиденттер екі елге ғана емес, Еуразиялық кеңістік үшін де маңызы бар біршама келісімдерге келген болатын. Kazinform-нің аналитикалық шолушысы сапар нәтижесі қос тарапқа қалай әсер ететінін талдады.

Визит Президента Ирана в Казахстан
Фото: Аkorda

Теңіз тоғыстырған тағдыр

Орталық Азияның кейінгі саяси тұрпатына көз салсақ, аймақ әлемдік аренада күш алып келеді. Бірлесе атқарған жобалар өңірдің әлеуметтік ахуалын оңалтып, экономикаға кең тыныс сыйлады, «C5+» форматындағы жиындар алпауыт державалармен тең сөйлесуге мүмкіндік берді.

Бұл орайда Қазақстан ортақ процестерді үйлестіруші әрі бастамашыл рөлін берік ұстанғанын көреміз. Сондықтан серіктес елдер Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас жасауға ұмтылуда. Бүгінгі Иран президентінің сапары да – қарым-қатынасты тереңдетуге деген ұмтылыс. Мұны келіссөзде көтерілген экономика, сауда және транзиттік бағыттарындағы ықпалдастықтан аңғаруға болады.

Ал біз үшін Иранның жылы шырайда болуы, саяси-экономикалық ұсыныстарын ашық айта алуы ауадай қажет: алдымен көршілес елмен етене жақындық артады; кейіннен көлік-логистика саласындағы амбициямыздың ақталуы үшін керек. Каспий аймағындағы елдердің берекесі берік, тәуелсіздігі тұрақты болса, ұтарымыз көп. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада мәртебелі қонақты қарсы ала отырып «Көрші тату болса – құт» деген жақсы сөзді жанай өткені тегін емес.

Визит Президента Ирана в Казахстан
Фото: Аkorda

– Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі. Біз қашанда Иранға тілеулеспіз. Қиындықтарға қарамастан қарым-қатынасты үзген жоқпыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы атап өткендей, биыл алғашқы 10 айда сауда-экономикалық ынтымақтастық көрсеткіштерінің өткен кезеңмен салыстырғанда 40%-ға өскен. Масуд Пезешкиан алдағы уақытта саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде әлеуетті жоғары бағалады.

– Бұдан бұрын өзара сауда-саттықты 3 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласқан едік. Осы келісімді жүзеге асыруға күш сала береміз. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында жасалған еркін сауда келісімі екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге берік негіз қалайды, – деді Иран президенті.

Соңғы жылдары парсы жұрты сыртқы саясаттағы бағдарын жаңарту үстінде. Әсіресе, транзиттік бағыттардағы бәсекенің күшеюі және Орталық Азияның геосаяси аренадағы белсенділігі Иранға бұл аймаққа шынайы бетбұрыс жасау керегін ұғындырғандай. Ол үшін экономикасы тұрақты, транзиттік әлеуеті басым, елеулі дипломатиялық дауысы бар Қазақстан саяси серіктестік орнату керекгі түсінікті.

Иранмен серіктестік Астанаға не береді? Достас елмен жақындық энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға, жаңа технологияларды импорттауға Таяу Шығыс нарығына шығуды жол салады. Оған қоса Қазақстанның өңірдегі позициясын нығайтып, құбылмалы әлемде орнықты серіктес табатыны анық. Осылайша, екі елдің өзара іс-қимылы стратегиялық сипатқа көшеді деген сөз.

мұнай
Фото: freepik.com

– Тегеранда бұл сапар Иранның сыртқы саяси басымдығының өзгеруін және Каспий мен Орталық Азия аумағына қызығушылықтың артуын білдіретін геосаяси сигнал есебінде қабылдануда. Иран медиасы мен сарапшылар тобы сапарды «солтүстікке оралу стратегиясы» және елдің ұзақмерзімді еуразиялық қайта бағдарлануы аясындағы қадам деп атайды, – деп пайымдады Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Жанат Момынқұлов.

Расына келсек, кейінгі күндері ирандық БАҚ мемлекеттің сыртқы саясаты Таяу Шығыстан Каспий мен Орталық Азияға қарай ойысты деген пікірде. Ал IRNA және Tasnim ақпарат агенттіктері Астананы «қарым-қатынасты идеологияландырудан ада, прагматикалық және сенімді серіктес» ретінде сипаттауда.

– Қазір Каспий аймағы көптеген елге сыртқы қысымды жеңілдету жолына айналды. Тұрақты экономикалық нарықты табу үшін де аймаққа қызығатын мемлекеттер жетерлік. Бұл – бәріне тиімді. Мәселен, Иран Қазақстанға баламалы көлік-логистикалық бағыттарын, жаңа технологиялық өнімдерін және өнеркәсіптік әріптестікті ұсына алады.

Бұл сапар – Иран үшін күшін көрсетудың амалы. Яғни, әлемге санкциялық қысымға қарамастан аймақтағы саяси әлеуеті әлі де жоғары екенін дәлелдегісі келеді. Тіпті, қысымға қарамастан Орталық Азиямен қалағанынша байланысты жандандыра алатынын білдіруге ниетті, – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым.

Сарапшылар Иранның экономикалық қарым-қабілетін Қазақстан қоғамының жақын танығанын қалайды. Өйткені Иран әлемнің 18-ші экономикасы, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың ірі өнеркәсіптік ойыншысы, төртінші мұнай өндіруші және газ қоры бойынша екінші орында.

Визит Президента Ирана в Казахстан
Фото: Kazinform/Солтан Жексенбеков

– Иран Каспий теңізі арқылы шектесетін ел ғана емес, өңірдің қауіпсіздік архитектурасына, логистикасына, энергетика мен сауда бағыттарына әсер ете алатын қуатты мемлекет, – деп қосты Риззат Тасым.

Прагматикалық пайым

Бүгінде Астана мен Иранның ықылас-ниеті айқын: Астанаға жаңа нарық қажет, ал Иранға жаңа логистикалық жол өзекті.

– Өзара тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Дегенмен сауда-саттықты әртараптандыру мәселесін ойластыру керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, медицина және озық технологиялар салаларындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Иран президентінің сапары барысында Мемлекет басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Қол қойылған үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар тізімінде дипломатия, мәдениет, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, логистика және медиа салаларын қамтыған келісімдер бар.

Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін құру туралы бастаманы қолдап, Іскерлік кеңестің қызметін жандандыруға ниетті екенін білдірді. Қазақ-иран сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуеті де артпақ.

Визит Президента Ирана в Казахстан
Фото: Аkorda

Жыл басынан бері Иран ел экономикасына 17,8 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция салған. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта ұлғаятыны сөзсіз. Себебі тараптар «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі мен Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдарын жандандыруға ниетті. Биыл алғашқы 10 айында аталған бағыттар бойынша тасымал көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53% -ға өсті.

– Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін және Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағытын дамытудың мән-маңызы ерекше. Біз Иранды Оңтүстік Шығыс Азияға және Африка құрлығына шығатын «қақпа» ретінде қарастырамыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Иран басшылығына Бандар-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан Қазақстанға жер телімін бергені үшін шынайы ризашылығымды білдірдім. Бұл қадам екі ел ықпалдастығын одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз, – деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі уақытта еліміздің бірқатар облысы Иран провинцияларымен әріптестік қатынас орнатқан. Атап айтсақ, ирандық кәсіпкерлер Маңғыстау облысының аумағында бірлескен Еркін экономикалық аймақ құруға бейіл.

– Екі ел арасында темір жол, авто, теңіз және әуе қатынастарын дамытуға мүмкіндік мол. Тауар айналымын ұлғайту жөніндегі алға қойылған мақсат да маңызды бағыт болып қала береді. Оған қол жеткізу үшін экономикалық операторларға, әсіресе жеке секторға қосымша шарт пен жеңілдіктер беру қажет, – деп пікір білдірді ИРМ-нің Қазақстандағы Елшісі Әли Акбар Жоукар.

Риззат Тасымның пікірінше, бүгінде көлік-логистикалық интеграцияға жол жеңілдеді. Қазірдің өзінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран –Түркия бағыты бойынша контейнерлік пойыздардың қозғалысы дамып, біртіндеп еуразиялық сауданың негізгі артериясына айналып келеді.

Әріптестікті әртараптандырудың тағы бір бағыты - ауыл шаруашылығы секторы. Өткен жылы Қазақстанн Иран нарығына 500 мың тоннадан астам арпа жеткізді.

– Қазақстан астығын импорттау Иранда ішкі тұрақтылықтың элементі ретінде қарастырылады. Ирандық сарапшылардың мәліметінше, бұл саладағы импорт 2024-2025 жылдары 1 млн тоннадан асты және Тегеран көрсеткішті бірнеше есе ұлғайтуға дайын отыр. Donya-ye Eqtesad экономикалық басылымы порт инфрақұрылымын дамыту кезінде Иран астықты қайта бөлудің өңірлік орталығына айналуы мүмкін деп бағалаған, – деді Жанат Момынқұлов.

Сенім жолы

Екіжақты қарым-қатынасты нығайтуда мәдени-гуманитарлық байланыстың мәні ерек. Әсіресе қазіргі қазақ-иран қоғамындағы бір-бірін тану кезеңі үшін аса өзекті болып отыр.

Алғашқы қадамды Иран тарапы жасады деуге болады. Делегация қазақ халқы үшін таризи мәні бар қолжазбаларды Қазақстанға әкеліпті.

Каспий
Фото: Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі

– Иран мұрағаттарында сақталған қазақ тарихына қатысты бірқатар көне қолжазбаның көшірмесін әкелген екен. Онда XVІІI ғасырдағы ұлт шежіресі мен мәдениеті туралы құнды деректер бар. Бұл құжаттар ғалымдарымызға сол кезеңдегі Қазақ хандығының халықаралық қатынастарын терең зерттеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Осы ретте мен Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министріне Иранның тиісті мекемелерімен бірлесіп, елімізде көне қолжазбалар көрмесін ұйымдастыруды тапсырдым. Сондай-ақ біз Иран тарапымен бірлесе отырып, қазақ жерінде ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына арналған тарихи-мәдени кешен салу туралы шешім қабылдадық, – деді Қазақстан Президенті.

Ғалымдар қазақ тілінің сөздік қорының 4%-ында парсы сөзі кездеседі деген пікірде. Бұл бұрыннан барыс-келіс болғанын білдіреді. Бүгінде Иранның солтүстігіндегі Гүлістан провинциясының Горган, Бендер-Түркмен және Гомбеде-Кавус қалаларында 5 мыңнан астам қазақ тұрады.

Тауар айналымын арттыру

Иран Президенті Қазақстанға құнды ежелгі қолжазбалардың көшірмелерін ғана емес, бизнес-делегацияны да еріте келген. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкианның қатысуымен өткен қазақ-иран бизнес-форумында тауар айналымын кеңейтуге бағытталған нақты жобалар бойынша жоспар бекітілді.

зерно
Фото: АШМ

Өткен жылы екіжақты сауда-саттық 340 млн АҚШ доллары болды. Болжам бойынша, биыл тауар айналымы бірнеше есе ұлғаяды. Президент соңғы 20 жылда Иран Қазақстан экономикасына 226 млн доллардан астам инвестиция салғанын, ал бүгінде елде Иран капиталының қатысуымен 350-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Ендігі логистикалық жоспар да айқын: Шахид Раджаи портында терминал салу, Ақтау және Құрық порттарының ирандық порттармен байланысын нығайту, мультимодальдық дәліздер мен Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолын дамыту жүзеге асады.

Тараптар ауыл шаруашылығынан мүмкіндік көріп отыр. Иран қазақстандық астықтың негізгі сатып алушысы екенін білеміз. Болашақта Solico Group компаниясы жылына 200 мың тонна өнім шығаратын сүт зауытын салуды және балалар тағамы өндірісін жолға қоюды мақсат етуде. Kourosh Food Industry компаниясы өсімдік майы өндірісі және құс шаруашылығын дамытуға ниетті.

Президент Каспий теңізінің экологиялық мәселесіне жеке тоқталып, су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны қабылдау қажеттін атады.

– Қазақстан делегациясы келесі жылы Тегеранда өтетін VII Каспий саммитіне қатысуға ниет білдіріп отыр. Еліміз алдағы екі жылдың ішінде IV Каспий экономикалық форумын өткізуді ұсынды. Аталған іс-шаралар Каспий теңізіне қатысты түйткілді жан-жақты қарап, тиімді шешім табуға септігін тигізеді. Ирандық әріптестерімізді осы бастамаларға белсене атсалысуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Цифрландыру саласында да ілгерілеу байқалды. Қазақстан алдағы үш жылда өңірдің жетекші цифрлық еліне айналуды мақсат еткенін білеміз. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Alem.AI негізіг қозғаушы күшке айналған. Жетістікті жалғастыру үшін Президент ирандық компанияларды технология мен инновация саласындағы ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Ал Масуд Пезешкиан Каспийде кеме қатынасы бойынша консорциум құру, Ақтау портында қоймалар мен тарату орталығын салу, Алматыда құрылыс материалдарының экспорттық паркін ашу ерекше тілге тиек етті. Сондай-ақ минералдық ресурстар мен шикізатты қайта өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Иран Президенті бірлескен сауда кеңесін құру, тікелей әуе рейстерін ашу және бизнес үшін визалық режимді жеңілдету идеясына оң көзқараста.

Соңғы жаңалықтар