Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта шығару күн тәртібінде тұрған жоқ - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта шығару күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл туралы бүгін отандық телеарналарға сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта шығару күн тәртібінде тұрған жоқ - Н.Назарбаев

«Біз қазір бүкіл дүниежүзінің мүшесі болып отырмыз. Экономикамыз ашық. Мынау ғаламдық байланыстың ішінде отырмыз. Ал енді теңгенің құны он мың, жиырма мың теңге бола ма, ол да экономикаға байланысты. Бұл мұнайдың, газдың басқа да біздің сыртқа сататын заттарымыздың бағасының жоғарлауына, төмендеуіне байланысты. Бізде де солай болады. Ресейдің рубліне біз байланыстымыз. Себебі біздің сауда-саттығымыз, базарымыз - Ресей. Сондықтан бұл қаражаттық қарекет», - деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселесін 1994 жылы көтергенін еске салды. Кеңес одағы құлаған кезде өте қиын жағдайға тап болғанымызды, жалақы, зейнетақы төлейтін жағдайымыз болмағанын атап өтіп, қазіргі уақытта одақ аясында ортақ валюта құру мәселесіне тоқталды. «Қазір ол мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Одан еш қорқудың қажеті жоқ. Ол қорқатын мәселе тәуелсіздіктен айрылып қаламыз деген мәселе ғой. Еуразиялық одақта да біз оған ешқандай бағынбайтын боламыз. Тәуелсіздік күресіндегі ең басты құндылық - саяси тәуелсіздікті ешкімге беретін жағдайымыз жоқ. Ал мынаны істеп отырғанымыз экономикалық жағдай. Экономика болмаса ештеңе болмайды», - деді Мемлекет басшысы. Елбасы көрші мемлекеттермен сауда-сатығымыз дұрыс жолға қойылуы керектігін баса атап өтті. «Сол үшін компанияларға жағдай жасау керек. Сондықтан интеграциялық одақ керек. Дәл бүгін бір ортақ ақша болады, ортақ валюта болады деген әңгіме жоқ», - деп түйіндеді сөзін Н.Назарбаев.