Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ паркі жаңа техникамен толықты

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - ЕNRС құрамындағы «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ «Шығыс» кенішінің техникалық паркіне соңғы екі айда төрт бірлік техника қосылды.

«Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ паркі жаңа техникамен толықты

Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Көмір кәсіпорнының қуаттылығын арттыру үшін екі Komatsu HD785-7 самосвалы әкелінді. Әр машинаның жүк көтеру қуаты тоқсан тоннадан артық. Бағасы - 1,3 млн АҚШ долларынан жоғары. Аз уақытқа созылған монтаждау жұмыстарынан соң жаңа техника циклді-ағынды аршу кешенінде пайдаланылатын болады. Машина забойлардан ұсату-тиеу пунктіне жөнелтілетін кен көлемін арттыруға мүмкіндік береді, осылайша циклді-ағынды аршу кешенінің де қуаты арта түспек. Жаңа машиналарды қоса есептегенде бүгінде кеніште 14 самосвал бар.

Бұдан басқа, тозған жабдықтардың орнына кәсіпорынға американдық Atlas Сорсо компаниясының DML бұрғылау станогы жеткізілді. Машина қоректенудің автономдық қуат көзі - дизельдік құрылғымен жарақталған, сондай-ақ, жоғары өндірістік көрсеткіштерге ие. Технологиялық көлік паркінде бұдан басқа да жаңалықтар бар. Ол - польшалық Dressta фирмасының TD бульдозері. Техника көмір кенішінің алаңдарын жоспарлау үшін қолданылатын болады. Екі машинаның жалпы құны 2 млн АҚШ долларынан асады.

Барлық техниканы тау-кен техникасы өндірісінің әлемдік көшбасшылары жеткізді.

Атап өтерлігі, «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ жыл сайын өз құрылымдық бөлімшелерінің мүмкіндіктерін арттырып, дамыту мақсатына қомақты инвестиция жұмсайды. Оған жабдықтардың жаңғыртылуы мен кәсіпорында енгізілген көптеген жаңа нысандар айғақ. Осының арқасында корпорация көмір және электр энергиясын өндіруде толағай табыстарға қол жеткізді.