Еуразиялық медиа-форум: Шығыс пен Батыс арасындағы өзара түсіністікті мығым ететін көпір
Биылғы медиа-форумға қатысқан танымал тұлғалардың қатарында АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының экс-спикері Ньют Гингрич, Израильдің бұрынғы Премьер-министрі Эхуд Барак, НАТО Бас хатшысының бұрынғы орынбасары Алессандро Минуто-Риццо, ресейлік танымал журналист Владимир Познер қатысып, пікірталас алаңында сөз таластырған.
Ал форумның ашылуы барысында қатысушыларға құттықтау сөзін арнаған ҚР Президенті Н. Назарбаев алқалы жиынның Астанада өтуінің ерекше символдық мәні бар екенін айтады. «Еуразиялық интеграция үдерісі бүгінде дамудың мүлде жаңа кезеңіне шықты. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа 2014 жылы мамырда дәл осы жерде, Астанада қол қою жоспарлануда. Еуразиялық Медиа Форумның елдер мен құрлықтар арасындағы сенім ахуалын қалыптастырудағы, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтаудағы айрықша рөлі мен миссиясын атап өткім келеді», - дейді Елбасы.
Сөйтіп, журналистердің, сарабдал саясаткерлердің, қоғамдық пікір көшбасшыларының және бүкіл әлемге танымал медиа сарапшыларының жыл сайын басын қосатын Еуразиялық медиа форум биыл да жер-жаһанда орын алып жатқан өткір де өзекті мәселелерге арналды.
Атап айтқанда, бірінші күнгі пленарлық отырыстың тақырыбы «Жаңа әлемдік тәртіп. Әлемдік дағдарыстың сипаты мен салдары» деп аталды. Осы тақырыпты қысқаша таныстырған форумның авторы, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында әлемдік саясатта қалыптасқан ережелер күшін жоғалтқанын айтты. Оның пайымынша, қазір әрбір ықпалды күштер оларды өз беттерінше түйіндеп, өзгенің мүддесімен есептеспейтін болған. «Содан да болар, ғаламшардың әр бөлігінде шиеленістер ошағы жиі көрініс бере бастады» дейді Дариға Назарбаева бұл ретте ТМД-ның бірқатар елдеріндегі оқиғаларға назар аудартып. Сондықтан да, форумның бірінші пленарлық отырысы әдеттегідей «Жаңа әлемдік тәртіп» аталып отыр. Бұл ретте жаһандық өзгерістердің саяси және экономикалық орталығы Азияға қарай ойысқанын қаперде ұстаған ұйымдастырушылар негізінен талқыланатын тақырыпты Иранның ядролық бағдарламасы мен Таяу Шығыстағы жағдайларға арнапты.
Сөйтіп, пленарлық отырыста қатысушылар әлемнің күн тәртібіндегі мәселелерге пікір білдіруге көшкен болатын. «Жаңа әлемдік тәртіп. Әлемдік дағдарыстың сипаты мен салдары» тақырыбындағы алқалы жиын негізінен «қырғы-қабақ соғысы» кезеңін еске алумен қатар өрбіді. Бұған да негіз жоқ емес. Өйткені, бүгінгі Украина мәселесі, соның аясындағы Ресей мен батыс елдерінің текетіресіне қатысты әлемде «қырғи-қабақ соғыс» туралы әңгіме көбірек айтыла бастаған. Ал ресейлік танымал журналист Владимир Познер дәл осы «қырғи-қабақ соғыс» терминологиясын абайлап қолданудың керектігін алға тартады. «Кезіндегі «қырғи-қабақ соғыс» идеологиялық күрестің салдары болатын, бүгінгісі ше? Ол да идеология, бірақ мүлдем басқа идеология. Өйткені, қазір «әркім тек өзі үшін» қағидаты алдыңғы орынға шықты», - дейді Познер мырза.
Сөйтіп, ресейлік журналист модераторшылық жасаған алаңда Украина мәселесіне қатысты ашық әңгімелер айтылды. Мәселен, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының экс-спикері Ньют Гингрич «Сочи Олимпиадасын сәтті өткізу арқылы Ресейдің беделі артуы керек еді, бірақ, кейінгі жағдайлар әлгі беделді жұрдай етті» деген пікірді көлденең ұстайды.
Ал «Иранның ядролық бағдарламасы. Кім жеңімпаз, кім жеңіліс тапты?» атты тақырыптағы отырыста «сұм қару» жайында кеңірек сөз болды. Euronews телеарнасының Шығыс Еуропа бюросының жетекшісі Серджио Кантоне тізгінші болған осы отырыс аясында негізінен соңғы 30 жылдан астам уақыттан бері алғаш рет «алтылық» елдері Иран мәселесін дипломатиялық жолмен шешу жөнінде келісім жасалғанына назар бұрылды. Соның ішінде «осынау келісім арқылы саяси аренадағы ядролық «ойынға» қатысты бұл мәселеге нүкте қоюға бола ма? Тарихи келісімнің бұзылуы немесе оның орындалмай қалуы мүмкін бе? АҚШ Иранға қарсы қайтадан санкция енгізбей ме? Теһранның жоспарында Вашингтонға қарсы шығу қарастырылған ба?» деген сауалдарға сан-салалы жауаптар қамтылды.
Бұл ретте НАТО Бас хатшысының орынбасары Алессандро Минуто-Риццо бүгінгі әлемде соғыс атты тажалды еш болдырмауға күш салу керектігін, өйткені қазір адамзаттың адамзатты жойып жіберуге мүмкіндігі жететінін айтып, «егер ядролық соғыс басталатын болса, жер бетінде ешкім де, ештеңе де қалмайды» деп түйіндеді. «Жалпы, мен кез келген елдің ядролық қаруға ие болмағаны, «сұм қарудан» бас тартқаны үшін қолдан келгеннің бәрін жасар едім. Иран, Солтүстік Корея, мейлі қай ел болсын, ешбір елде ешқашан ядролық қарудың мүлдем болмағанын қалаймын», - деді ол.
Ал Израильдің бұрынғы Премьер-Министрі Эхуд Барак «Иранның ядролық державаға айналуы әлемге қауіп төндіреді» деген пікірін тағы ортаға салды. Мұны қоштаған Үндістан Сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары Раджив Сикри Иран ядролық державаға айналса, Таяу Шығысқа ғана емес, дүниежүзіне қауіп төндіреді деген пікір ұстанады. АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының экс-спикері Ньют Гингрич Иран ядролық қару жасау жолын әрі жалғастыра беретін болса, АҚШ Конгресі президентке Иранға қарсы өте қатал санкциялар қабылдауды талап ететінін де осы медиа-форумда мәлімдеді.
Есесіне осы айтылғандардың барлығына жауап ретінде Иран Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Сейед Мұхаммед Казим Саджапур өз елінің ұстанымын тағы да қуаттап: «Менің сіздерге айтатыным, Иранда атом әскери бағдарламасы болған емес, болмайды да. Бұл - Иранның ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатқа пайдалануы мүмкін емес деген ойды миларына бекітіп алған адамдардың сыңаржақ пікірі», деп шорт кесті. Осыған орай, Иран сыртқы істерінің өкілі өз еліне туған қауіпті сейілту үшін МАГАТЭ сарапшыларына әрқашан есік ашық екенін тағы қайталады. Пікірталас алаңында байқағанымыз расында да Иран ядролық қаруы төңірегіндегі дау-дамайлар бір арнаға бұрылатындай сыңайда. Мұны АҚШ-тан келген мәртебелі мейман Ньют Гингричтің айтқанынан да аңғаруға болатындай. Оның айтуынша, Иран әскери бағдарламада атомды қолдану мүмкіндігінің болмайтынын айтып, бұл бағытта өте ашықтыққа ұмтылатыны туралы уәдесінде тұрса, проблема оңай шешілмек.
Ал жұма күні жалғасқан екінші панельді сессияның тақырыбы «Еуразиялық интеграция. Экономикалық «төңкеріс» болуы мүмкін бе?» деп аталған болатын. Еуразиялық Медиа-форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева осынау маңызды тақырып ауқымында негізгі екі мәселені атап өтті. «Біріншісі - Кеңес Одағының орнында пайда болған мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуындағы өтпелі кезең аяқталған. Жасалған талдау осыны көрсетіп отыр. Екіншісі - Еуразия кеңістігіндегі елдердің даму қарқынының әркелкілігі жөнінде мәселе туындайтындығы. Бұл алдағы онжылдықта біздің елдеріміз шешуге тиіс аса маңызды түйткілдердің бірі болып табылады», - деді Дариға Назарбаева.
Расында, форумның аясындағы талқыланған тақырыптың бәрі өзекті, бәрі сұранып тұр. Сондықтан болар, қатысушылар Еуразиялық медиа-форум секілді алаңның Астанада орнығуы аса маңызды екенін алға тартады. Мәселен, Швейцария «CIS+» компаниясының өкілі Александр Авазашвили мұндай жиындар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бір-бірімен еркін отырып, пікір алмасуларына таптырмайтын орын екенін айтып, басқосуды Азия мен Еуропаны жалғастыратын көпірге теңейді.
Тұтастай алғанда, 2001 жылы Қазақстанда құрылған Еуразиялық медиа форум - халықаралық, саяси емес ұйым. Форумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы және жоба авторы Дариға Назарбаева жиын жайында: «Шығыс пен Батыс көшбасшылары арасындағы өзара түсіністік пен диалогты нығайту арқылы аймақтық және ғаламдық мәселелерді ортақ түсінуге үлес қосу біздің мақсатымыз болып табылады», - деп атап өткен болатын. Ендеше балаң жасқа жетіп отырған Еуразиялық форум өзінің діттегенін тиісті деңгейде атқарып келе жатыр деуге толық негіз бар. Айтпақшы, Еуразиялық медиа-форумның ашылу рәсімін жасаған белгілі тележүргізуші Риз Хан «Форум қатқыл сұрақтар қойып, мазалай беретін балалық кезден өтті, енді аса маңызды мәселелерге назар аударуға құлшынған жасөспірімге айналды» дегені есте қалды.
Сондай-ақ, белгілі ресейлік журналист Владимир Познердің әріптестеріне қарата айтқан мынадай ақылы да ешкімге артық етпейді: «Өкінішке қарай, көптеген елде БАҚ негативті рөл атқарады. Себебі, көп жағдайда біз біржақты бейнелейміз. Мен көптеген БАҚ-та, соның ішінде америкалық, ағылшындық, француздық, ресейлік ақпарат құралдарында жұмыс істедім. Сол себепті, мен сіздерге былай деп айтар едім. Сіз ешқашан, еш жерде бір мәселеге қатысты толық картинаны ала алмайсыз. Сіз БАҚ ұсынғысы келетін картинаны ғана көре аласыз. Сондықтан, әрбір журналистің міндеті - шамасы келгенше, мейлінше шындыққа сәйкесетін объективті мәлімет беру, тарату. Мәселе тек саясатқа, ақшаға тірелмеуі керек. Демек, біздің бәрімізге де халыққа қолдан келгенше шынайы ақпаратты насихаттаған жөн болар еді».