Еуразиялық одақ аясында Беларусь елімен де байланыс нығаяды - А.Смирнов, БҚО
Оның айтуынша, осы бағытта «Орал механикалық зауыты» ЖШС белсендірек жұмыс жасамақшы. Мысалы, «МТЗ», «Беларусь» тракторлары Минск мотор зауытының қозғалтқыштарымен жұмыс істейді. Бүгінде бұл техникалардың түрлі модификациялары бар. Міне, Орал механикалық зауыты - соған иінді біліктер шығаратын Қазақстандағы бірден-бір кәсіпорын. Сондай-ақ аталған бөлшек автобустар мен өзге де техникаларға лайықталып зауыт конвейерінен әр қиырға жол тартады. Иінді біліктің 80 пайызға жуығы Беларусь пен Ресейге экспортталады. Кедендік одақ шеңберінде оның көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Нақты деректерге қарағанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша оралдық өнімнің 91 пайызы экспортқа жөнелтілді.
«Тәуелсіздіктің алғашқы он жылымен салыстырғанда, қазір зауытта өнім көлемі бес есе ұлғайды. Осының бәрі ықпалдастық пен кедендік ресімдерді оңтайландырудың жемісі мен нәтижесі деуге болады», - деп түйіндеді ойын А.Смирнов.