«Еуразиялық одақ - келешегі зор құрылым» - баспасөзге шолу
*** «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Мемлекет тағдыры - баршамыздың және әрқайсымыздың тағдырымыз» деген тақырыппен Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановпен арадағы сұхбат жарияланды. «- Иә, діни-экстремистік және лаңкестік топтардың ақпараттық кеңістігіне шектеу қою бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Агенттік тарапынан 5000-ға жуық ғаламтор ресурсына мониторинг жүргізілді, 176 материалға дінтану сараптамасының теріс қорытындысы берілді. Оның 45-інің Қазақстан аумағында таратылуына тосқауыл қою жөніндегі сот шешімдері шықты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағартушылық бағыттағы «E-islam» порталы жасақталып, іске қосылды. Сонымен қатар, танымал әлеуметтік желілерде Агенттіктің ресми парақтары ашылды. Агенттіктің ресми сайты үздіксіз әрі сапалы түрде жұмыс жүргізуде. Дін саласындағы басты оқиғалар, қабылданған нормативтік-құқықтық актілер, жаңа құрылымдар мен халықаралық шаралар сайтта жедел көрініс табады. Агенттік сайтын пайдаланушылар қатарында еліміздің ғана емес, Ресей мен АҚШ-тың, басқа да алыс-жақын шетелдердің өкілдері көптеп саналады. Пайдаланушыларды қызықтыратын барлық сауалдарға жауап берілетін арнайы блогтар да сайтты тартымды ете түсуде», - дейді агенттік басшысы.
Осы басылымда «ҰБТ» деген тақырыппен Ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесіне арналған материал берілген. Алтын ұя мектепке тарыдай болып келіп, таудай болып шыққан мектеп түлектерінің алған білімін сарапқа салған биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнгі қорытындысы төмендегідей болып отыр. Емтиханға еліміз бойынша алғашқы күні өтініш берген 27 670 түлектің 26 134-і, яғни 94,5 пайызы қатысқан. Тестілеу қалалар мен аудан орталықтарындағы жан-жақты жабдықталған 61 пункт базасында өткізілген. Түрлі жолдармен сынақтан мүдірмей «өтудің» жолын алдын ала ойластырған үміткерлердің 5962-сінен ұялы телефон, 1783-інен шпаргалка, 121-інен калькулятор, 6-ынан фотоаппарат, 2-уінен рация табылған. Сөйтіп, олар ескерту алған. Ал он бір жыл бойы топ жарып, ҰБТ-ға өзінің біліміне, білігіне, дайындығына сеніп келген Алматы қаласындағы № 178 лицейдің түлегі Айғаным Бақытқызы Әбдіжаппар мыңдардың ішінен топ жарып, аламан бәйгеде ең жоғары 125 балды қанжығасына байлап, маңдайы жарқырады.
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында « Еуразиялық одақ - келешегі зор құрылым» деген тақырыппен Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты Жексенбай Дүйсебаевтың көлемді мақала жарияланды. «Еуразиялық одақ құру, еуразиялық интеграциялық байланыстар орнату туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұдан жиырма жыл бұрын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде айтқан болатын. Бірақ та ол кезде бұл бастаманы іске асыруға қоғам да дайын болмады, егемендігін жаңадан алып жатқан тәуелсіз мемлекеттер де өздерінің ішкі мәселелеріне көбірек мән беріп кетті. Енді жаңа ғасырдың екінші онжылдығында Еуразиялық экономикалық одақ мәселесі өзінің дұрыс жүйесін тауып, оны іске асыру жолында 2011 жылдан бастап нақты жұмыстар жүргізіле бастады. Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылды. 2011 жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь - үш ел арасында құрылған Кеден одағы жұмыс істеп келе жатыр. Кеден одағының тиімділігін уақыт көрсетіп отыр»,-дейді депутат.
*** «Тау алыстаған сайын биіәәктей түседі», деген сөз бар. Уақыт өткен сайын өзінің парасаттылығымен, адамгершілік қасиетімен, азаматтық болмысымен бүкіл алаш жұртының жүрегінің төрінен орын алған Дінмұхамед Қонаевтың жүріп өткен жолы кім-кімге де үлгі өнеге. Көзден кетсе де, көңілден кетпеген ұлт қайраткерінәің тіршілігінде міәнген «Чайка» автомобилі бұл күндері Қапшағайда тұр. Бұл темір тұрлпардың Қапшағайға оралуына осы қаладағы халық үшін көп жұмыс жасап жүрген Мұрат Сіргебаев деген азамат мұрындық болып, «Дінмұхаммед Қонаевты қапшағайлықтар еске алып жүрсін» деп көлікті сатып алып келіпті. Оныңі ескі көліктерді жамап-жасқап кәдеге асырып жүретін әуесқойлығы да бар екен. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Қонаев мінген көлік» деген мақаладан оқисыздар.
***
«Казахстанская правда» газетінде « А соседи наблюдали из окон... » деген материал басылды. «Төтенше оқиға қалай болғаны жайында қазіргі кезде анықталуда. 82 жасар зейнеткер әжей таңертеңгілік төртінші қабаттағы өзінің пәтерінің балконынан құлап кеткен. Абырой болғанда зейнеткер бірінші қабаттағы дүкеннің шатырына құлап, аман қалған. Алайда оның аяғы сынып, бірнеше жерден жарақат алған», - деп жазады басылым.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында « Ханская вставка » атты мақала басылды. Деректі киноның қазақстандық режиссері Қалила Омаров Кенесары ханның басы қай жерде болуы мүмкін екенін шамамен білетінін алға тартуда. Ол бұл құпияны баласымен бірлесе түсіріп жатқан өзінің жаңа картинасында ашпақ.