EURO-2027: Футболдан Қазақстан жастар құрамасының тізімі жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстанның 21 жасқа дейінгі жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Владимир Чебурин 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алдағы екі ойынына қатысатын футболшылар тізімін жариялады.

EURO-2027: Футболдан Қазақстан жастар құрамасының тізімі жарияланды
Фото: ҚФФ

Қазақстандық футболшылар D тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Англия, Словакия, Ирландия, Андорра, Молдова.

Қазіргі таңда жастар құрамасы 5 кездесуде бір рет жеңіске жетіп, бір рет тең нәтижеге қол жеткізді, қалған кездесулерде қарсыластарына есе жіберді. Нақты есептерге тоқталсақ, Андорраны 1:0 есебімен қапы қалдырды, Молдовамен 1:1 есебімен тең түскен, ал Англиядан 0:2, Андоррадан 0:1, Словакиядан 1:2 есебімен жеңілді.

Іріктеу кезеңі 2025 жылдың 5 маусымы мен 2026 жылдың 6 қарашасы аралығында өтеді.

Қақпашылар құрамына Дулат Талыспаев («Жетісу»), Санжар Ерниязов («Қызылжар»), Мирас Рихард («Ертіс») кірді. Қорғаушылар қатарында Сұлтан Асқаров, Саламат Жұмабеков, Темірлан Мырзағалиев («Қайсар»), Рамазан Кәрімов («Ертіс»), Әли Тұрғанов, Жасұлан Әмір («Ордабасы»), Әлихан Серікбай, Никита Губарев («Қызылжар») бар. Жартылай қорғаушылар ретінде Әбинұр Нұрымбет («Оқжетпес»), Тамерлан Агиманов, Вячеслав Раскатов, Мирас Оматай («Ертіс»), Аян Байдәулетов («Ақтөбе»), Олжас Байбек («Қайрат»), Давид Есімбеков («Каспий»), Мүсілім Жұмат («Қайсар»), Николай Горобченко («Жеңіс») аталды. Шабуылшылар құрамында Глеб Валгушев («Қызылжар»), Ян Труфанов («Атырау»), Мағжан Тоқтыбай («Ордабасы»), Рамазан Бағдат («Қайрат»), Сейф Попов («Алтай») бар.

Команданың оқу-жаттығу жиыны 21 наурызда Шымкент қаласында басталады. Наурыз айында жастар құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Түркістан қаласында екі ойын өткізеді. 27 наурызда Словакия, ал 31 наурызда Ирландия құрамасымен кездеседі.