Еурокомиссия 2035 жылға қарай жаңа көліктерге қойылатын экологиялық талаптарды жұмсартпақ
АСТАНА.KAZINFORM — Еуропалық комиссия сейсенбі күні 2035 жылдан бастап бензин және дизель отынымен жүретін жаңа көліктерді сатуға тыйым салу талабын жұмсартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның орнына автокөлік өндірушілеріне шығарынды газдарды 90 пайызға қысқарту жөнінде мақсатты көрсеткіш қойылады, деп жазды Синьхуа.
Қалған 10 пайыздық шығарындылар Еуроодақ аумағында өндірілген төмен көміртекті болатты пайдалану, сондай-ақ электроотын мен биоотын қолдану арқылы өтелмек.
Еурокомиссия ұсынған «автокөлік пакеті» аясында 2035 жылдан кейін де автокөлік өндірушілеріне толықтай электрлі емес кейбір модельдерді сатуға рұқсат беріледі. Олардың қатарында қосылатын гибридтер (plug-in hybrid), жүріс қоры ұлғайтылған көліктер және жеңіл гибридтер бар. Бұл модельдер толық электрлі және сутекпен жүретін көліктермен қатар нарықта қала береді.
Бұл өзгеріс 2023 жылы қабылданған ЕО ережелерін қайта қарауды білдіреді. Аталған ережелер 2035 жылдан бастап жаңа жеңіл көліктер мен шағын автобустар үшін көмірқышқыл газы шығарындыларын 100 пайызға қысқартуды талап еткен еді.
Еурокомиссияның хабарлауынша, 2035 жылға дейін автокөлік өндірушілеріне ЕО елдерінде өндірілетін шағын әрі қолжетімді электр көліктері үшін «суперкредиттерді» пайдалану мүмкіндігі беріледі. Бұл қадам ықшам электр көліктерінің өндірісін жеделдетуге бағытталған.
Еске сала кетейік, бқған дейін ЕО арзан тауарлар импортына қосымша алым енгізетінін жаздық.