Еурокомиссия электромобильдерге көшу ережелерін жеңілдетуді ұсынады

АСТАНА. KAZINFORM — Еурокомиссия 2035 жылға қарай электромобильдерге көшу ережелерін жеңілдету үшін ауқымды шаралар пакетін ұсынды. Бұл ұсыныстар Еуропалық одақтың автомобиль өнеркәсібін қолдау мақсатында жасалды, деп жазады DW.

Алматыда электромобиль қуаттайтын 311станция орнатылады
Фото: Алматы әкімдігі

Қазіргі уақытта ЕО автопромы қиын жағдайға тап болған: бензинді және дизельді көліктердің сатылымы төмендеген, ал электромобильдер нарығында арзан модельдер ұсынатын қытайлық өндірушілер белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Жалпы ЕО-да электромобильдерге деген сұраныс баяу өсім көрсетіп отыр.

Бастапқыда 2035 жылдан бастап ЕО-да тек CO₂ шығармайтын көліктерді тіркеуге рұқсат беріледі деп жоспарланған болатын. Бұл өз кезегінде электромобильдерге толық көшу дегенді білдіреді. Алайда, Еурокомиссия қазіргі ұсынысында 2021 жылмен салыстырғанда шығарындыларды 100%-дан 90%-ға дейін төмендетуді ұсынады. Қалған 10%-ды өндірушілер «жасыл» болаттарды қолдану және қалдықтардан алынатын биоотын сияқты экологиялық таза отындарды пайдалану арқылы өтей алады. Бұл өзгерістер гибридті көліктерді және кейбір ішкі жану қозғалтқышы бар модельдерді нарықта сақтауға мүмкіндік береді.

ЕО елдерінің осы мәселе бойынша саяси позицияларында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Германия, Италия, Польша және басқа ірі автокөлік өндірушілері бар мемлекеттер жоғары энергия шығындары мен Қытайдан субсидияланған модельдермен бәсекелестікті ескере отырып, ережелерге көп жеңілдік беруді талап етіп отыр.

Испания, Дания, Швеция және Нидерланды, керісінше, ережелердің жұмсаруы электромобильдерге сұраныстың төмендеуіне, зауыттардың жабылуына және жұмыс орындарының жоғалуына әкеледі деп алаңдай отырып, қатаң саясатты сақтауды талап етеді.

Еурокомиссия, Еуропарламент және ЕО Кеңесі арасындағы келіссөздер қиын болары анық. Себебі реформаны қабылдау үшін депутаттардың көпшілігінің және ЕО тұрғындарының 65%-ын қамтитын кем дегенде 15 елдің келісімі қажет.

Сарапшылар кез келген қосымша белгісіздік еуропалық автоөнеркәсіпке, әсіресе Қытай тарапынан қатты бәсекелестік жағдайында, кері әсерін тигізуі мүмкін екенін ескертеді.

Бұдан бұрын Еуропалық Одақта электромобильдерге деген қызығушылық төмендегенін жазғанбыз.

Сонымен қатар жақында Қазақстанда жеңілдікпен электрлі көліктерді әкелуге бөлінген квота таусылды. Kazinform агенттігінің тілшілері шекарадағы жағдайды бақылап, көліктердің Қытайдан қалай жеткізілетінін көріп қайтты.

Соңғы жаңалықтар