Еурокомиссия ЕО елдерін шекаралық бақылауды кезең-кезеңімен тоқтатуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Еурокомиссия Германияны және Еуроодақтың тағы сегіз мемлекетін ішкі шекаралардағы бақылауды біртіндеп тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды DW.

Еурокомиссия «цифрлық тәуелсіздік» үшін 180 млн еуро бөлді
Фото: Анадолы

ЕО-ның көші-қон мәселелері жөніндегі комиссары Магнус Бруннердің айтуынша, қазіргі жағдайда шекаралық бақылауды қысқартуға мүмкіндік бар.

– Еурокомиссияның пікірінше, қазіргі уақытта шекаралық бақылау жүргізіліп жатқан тоғыз мүше мемлекетте, оның ішінде Германияда да бұл шараны кезең-кезеңімен тоқтату орынды әрі мүмкін болып отыр, – деді Магнус Бруннер Funke медиатобына берген сұхбатында.

Ол бұл мәлімдемені Еуропалық одақтағы баспана беру жүйесін реформалау туралы жаңа ережелер күшіне енуіне бір апта қалғанда жасады.

Еурокомиссия өкілі өз ұстанымын Еуроодақ елдерінде баспана сұраушылар санының айтарлықтай азаюымен және сыртқы шекараларды қорғау шараларының тиімділігімен түсіндірді.

– Баспана сұраушылар саны күрт төмендеді. Сонымен қатар сыртқы шекараларды қорғау және Еуропа бойынша бірыңғай кіру-шығу жүйесі секілді қабылданған шаралар нақты нәтиже беріп жатыр, – деді ол.

Шенген кеңістігінде негізінен еркін жүріп-тұру қағидаты қолданылады. Алайда соңғы жылдары қауіпсіздік пен көші-қон мәселелеріне байланысты бірқатар ел уақытша шекаралық бақылау енгізген.

Германияда шекарадағы бақылау 2025 жылдың көктемінде күшейтілді. Бұл шешімді билікке келгеннен кейін Германияның ішкі істер министрі Александр Добриндт қабылдаған болатын.

Айта кетейік, Еуроодақтың баспана беру жүйесін реформалау жөніндегі жаңа ережелері 12 маусымда күшіне енеді. Құжат ЕО аумағына келетін босқындар санын азайтуға бағытталған және баспана іздеушілерге қойылатын талаптарды қатаңдатуды көздейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еурокомиссия «цифрлық тәуелсіздік» үшін 180 млн еуро бөлгені хабарланды.