Еурокомиссия Meta-ға миллиардтаған еуро айыппұл салуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссияның мәліметінше, Meta компаниясы Instagram мен Facebook платформаларындағы пайдаланушылардың тәуелділігін арттыруы мүмкін дизайнның қаупін елемеген. Бұл туралы DW жазды.
Комиссияның мәліметінше, Instagram мен Facebook пайдаланушыларына бейнелер мен басқа да контент үздіксіз, автоматты түрде ұсынылады. Соның салдарынан адам миы «автопилот режиміне» ауысып, бұл олардың психикалық және физикалық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты Еурокомиссия Meta компаниясынан бейнелердің автоматты түрде ойнатылуын әдепкі баптауда өшіруді, сондай-ақ пайдаланушыларға қосымшаны қолдану барысында міндетті үзілістер енгізуді талап етті. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілердің алгоритмдері пайдаланушының соңғы көрген контентіне азырақ тәуелді болуы тиіс.
Еуропалық одақтың Цифрлық қызметтер туралы заңы (Digital Services Act) аясында Instagram мен Facebook Еурокомиссияның бақылауында. Комиссия платформалардың заң талаптарын сақтауын қадағалайды. Егер талаптар бұзылса, Meta компаниясына әлемдік жылдық айналымының 6 пайызына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Айта кетейік, жақында Meta жаңа сервисті іске қосты. Енді Instagram-дағы суреттеріңізді ЖИ пайдалануы мүмкін.