Еурокомиссия президенті Исландиядағы еріп жатқан мұздыққа барады
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен бейсенбі күні Исландияға барады. Онда ол Исландия премьер-министрі Криструн Мьёдль Фростадоуттирмен Арктиканың геосаяси рөлі, қауіпсіздігі мен дайындық жайын, сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларын талқылайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Еурокомиссия басшысының сапары соңғы жылдары температураның көтерілуінен қатты зардап шеккен Соульхеймайёкюдль мұздығына экскурсиядан басталады.
Одан кейін Урсула фон дер Ляйен мен Исландия премьер-министрі Гриндавик қаласына барып, Исландияның Іздеу-құтқару қауымдастығының өкілдерімен кездеседі. Күннің екінші жартысында олар «Көгілдір лагуна» мен Свартсенги электр стансасын қорғау үшін арнайы салынған қорғаныс нысандарын аралайды. Бұл нысандар — елдің белсенді жанартаулар мен ықтимал лава ағындарына дайындығының символы.
Содан кейін Урсула фон дер Ляйен мен премьер-министр Фростадоуттир Кефлавиктегі әскери-теңіз авиациялық базасында Исландия мен НАТО өкілдерімен кездесіп, қауіпсіздік және жедел қорғаныс мәселелерін, соның ішінде сүңгуір қайық жүйелері, әуе шабуылына қарсы қорғаныс пен азаматтық қорғаныс мәселелерін талқылайды.
Сапар соңында Урсула фон дер Ляйен Исландия премьер-министрі Криструн Мьёдль Фростадоуттир және сыртқы істер министрі Торгердур Катрин Гуннарсдоттирмен жұмыс кешкі асына қатысады.
Айта кетейік, бұған дейін Дания Арктикадағы әскери қатысуын күшейту үшін 2 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы бөлетінін мәлімдеген болатын.
Еске салсақ Еуропарламент Урсула фон дер Ляйенге сенімсіздік вотумын қабылдамады.