Еуроның көбеюі жағдайды түзей ала ма? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 29 қаңтар, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Еуроның көбеюі жағдайды түзей ала ма? - баспасөзге шолу

***

Қытайдан Қазақ хандығының шежіресінен сыр шертетін, тарихи мәні жоғары жаңа құжаттар табылды. Бұл табысқа Халықаралық Түркі академиясы (ХТА) ғалымдарының Бейжіңге жасаған сапары барысында қол жеткізілді, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санындағы "Тарихымызға қатысты тың құжаттар" атты мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, таяуда Халықаралық Түркі академиясының президенті Дар­хан Қыдырәлі бастаған тарихшы-ғалымдарымыз Бейжіңге арнайы жұмыс сапарымен барған болатын. Сол кезде еліміздің өкілдері Қазақ хандығы туралы бұрын еш жерде жарияланбаған құнды құжаттарды кездестірді. Өткеннен хабар берер бұл мұралардың ішінде қазақ хандары мен сұлтандарының Цинь императорына шағатай, қалмақ тілдеріндегі хаттары және екіжақты дипломатиялық байланыстар жөнінде манчжур тілінде жазылған мағлұматы мол қолжазбалар бар. Ғалымдар тарихымызды түгелдеу ісінде аталмыш жазбалардың орны ерекше екенін алға тартып отыр.

Айта кетейік, делегация Бейжіңде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған алқалы жиын өткізді. Басқосуда Қытай тарихшылары еліміздің өткеніне қызығушылық танытатындарын білдірген. Осы орайда Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы этнология және антропология институтының директоры Ван Яньчжун: «Қазақстан ғалымдарының Бейжіңге келіп, баяндама оқып, пікір бөлісуі біздің қазақ халқы мен оның тарихы туралы түсінігімізді кеңейтті. Осындай шаралар біздің стратегиялық маңызды көршіміз Қазақстанмен гуманитарлық-мәдени қатынастың кеңеюіне оң әсерін тигізеді», - деді.

Қытайдың белгілі ғалымы, профессор Бай Цуй Циннің дерегінше, 1950 жылдан бері хан­зу тілінде қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы 2600-ден астам ғылыми мақала мен 10-нан астам кітап жарық көріпті. Сондай-ақ, соңғы кездері аталған бағытты зерттеу бойынша докторлық және магистрлік жұмыстар саны арта түскен. Бұдан бөлек, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының бірнеше институты Халықаралық Түркі академиясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдіріп жатқан көрінеді.

Бүгінде мал бағатын адам жоқ дегенге сенесіз бе? Бірақ, шыны керек, жағдай осылай. Қыстың аязы, жаздың ыстығында мал соңында жүру еріккеннің ермегі емес. Жастар мал бағуға бармайды. Себебін көп жерлерде жалақыларын дұрыс ала алмаумен түсіндіреді. Сондықтан да шопанның жасы 50-ден асып тұр, деп жазады аталған басылым "Шопаннан неге қадір кетті?" атты мақалада.

Басылымның жазуынша, бір қызығы, қанша жерден дала жұмысы десек те, шопанды бүгінде қаладан іздеу әдетке айналған. Газеттер мен телеарналар арқылы жарнама береді. Сол кезде малдың сырын бес саусақтай білетін жергілікті кәсіпкерлер емес, бастарында баспанасы жоқ, сырт жақтан көшіп келгендер хабарласады екен. Бірақ олар да ауылға барып, тұрақты жұмыс істеуге құлықсыз. Мәселен, қыс суық болды делік, көбісінің техникасы жоқтықтан шөп жеткіліксіз болып, шаруа қожалықтарының біразы дайындықсыз қалады. Нәтижесінде мал шығыны көп болады, мал саны кеміп кетеді. Бірақ, бұдан хабар алған біреу бар ма, оны еш жерде де көрсетпейді. «Өз қотырыңды өзің қасы» демекші, малмен отырған адам өз жағдайын өзі жасауға мәжбүр. Шаруа қожалығының иесі жауабын малшыдан алады.

Қожалық басшыларының пікірінше, атакәсіп - шопан мамандығын жоғары оқу орындарында оқыту керек. Малшылық дәстүрді мықты сақтаған көшпенділер елі едік. Өнімін өңдедік, одан түрлі киім-кешек пен тағам әзірледік. Малшылық кәсіп негіздеріне жататын, қазақша қой қырқу әдісі бар. Тіпті, қыстау, көктеу, жайлау, күздеу деген ұғымдар да осы малшылықтан қалыптасқан. Жоғары оқу орындарында техниктерді, механиктерді, ветеринарларды оқытып, тіпті, олар оқу оқып жүрген кезде малмен жұмыс істеуді үйренеді. Бірақ, малшы, шопан деген мамандық жоқ. Егер шопан болмаса, онда жоғарыда аталған ветеринар мамандығы не үшін керек, құс шаруашылығы үшін бе, деп жазады басылым.

***

Еуроодақ экономикасы 2008 жылғы дағдарыстан бері жөнделе қойған жоқ. Дұрысталудың орнына кері кетті, деп жазады "Айқын" бүгінгі санындағы "Еуроның көбеюі жағдайды түзей ала ма?" атты сараптамасында.

Мұны «қатаң үнемдеу» шараларынан көрушілер үні басымырақ естілуде. Нақты деректерге жүгінсек, олардың бұл пікірлері дұрыс та секілді. Дәлірек айтсақ, Еуроодақта жұмыссыздық қабілетті қалыптың 11,5 пайызынан төмендеген кезі жоқ. Қысқартулар әлі жүріп жатыр. Осындай жағдайда Еуроодаққа біріккен мемлекет­тер­дің жалпы қарызы олардың ор­тақ ішкі өнімдерінен асып кеткен. Қысқасы, еуропалықтар бір жыл бойы өндірген өнімі мен көрсеткен қызметін толығымен сатқанда, қазіргі қарыздарынан құтыла алмайды екен. Осындай жағдайда АҚШ федералдық қаржы жүйесінің бұрынғы жетекшісі Бен Бернанке QE жоспарын, яғни айына 85 миллиард доллардың құнды қағаздарын сатып алып, АҚШ қаржы базарын долларға тоғыту жоспарын жүзеге асырғанда, Еуроодақ валютасы евро «салмақ жинап» шыға келді, деп жазады мақала авторы.

Әлемдік экономика, сонымен, 2015 жылдың өзінде алға жылжымайды. Дж.Сорос секілді алыпсатар инвесторлар ғана ақшасын молайтып шығады. Себебі, АҚШ және Еуроодақ экономикасының өндірістік саласы бұдан әрі өсім бермейді. Бәлкім, Жапония экономикасы жақсаруға бет түзер. Қытай осыған дейінгідей даму қарқынын сақтайды. Өйткені бұл елге Батыстан қоныс аударушы өндірістік инвесторлар бұрынғысынша молая береді. Қытайдың дамуы әлемге, әлемдік экономикаға қозғаушы күштей әсер ете алмайды. Өйткені Қытайда сатып алушының, яғни тұтынушының кірісі қанша өссе де, әр адамға шаққанда 200 долларға жетпейді. Еуроодақта орташа жалақы 3,5 мың евро. Яғни сатып алушылардың кірісінің сапалық айырмашылығы «жер мен көк­тей».

Елбасы долларға деген тәуелділікті азайту қажеттігін нықтап, міндет қойды, ал банктер болса, кері бағытта қозғалып барады. Кеше депутаттар осылай дабыл қағып, Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетовке хат жолдаған болатын, деп жазады аталған газет бүгінгі санындағы "Банктердің мұнысы несі?" деген мақаласында.

Басылымының атап өтуінше, Сол күні Астанада Макроэкономикалық зерттеулер орталығы да «Қазақстан экономикасын дедолларизациялау» тақырыбында жиын өткізіп, осы жұмыстың жөн-жобасын табуға талаптанды.

Мәжіліс депутаты Светлана Қадыралиева отандық банктердің теңгемен несие беруді тоқтатып жатқандығын хабарлайды. Қалаулыға кәсіпкерлер осындай шағым айтып, жүгініпті. «Барлық кредиттер не доллармен немесе шетелдік валюталар бағамына байланып, беріледі. Теңгемен несиелендірудің жекелеген жағдайлары ғана кездеседі, бірақ оларда пайыздық ставканың жоғарылығы сонша, кез келген кәсіпкерлік қызмет мәнін жоғалтады» дейді ол. Әрине, бұл ретте коммерциялық банктердің тірлігінде экономикалық қисын барлығын айта кеткен жөн. Олар қазіргі дағдарыстық жағдайда инфляцияның жоғары болуы мүмкіндігін алдын ала несие ставкасында қарастырып отыр.

Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов журналистерге арнап, өткізілген баспасөз мәслихатында Қазақстанда доллармен кредит беруді шектеуді ұсынды. Оның айтуынша, долларлық несиелер тек шетелдік валютада тұрақты табыс табатын тұлғаларға ғана берілуге тиіс. "Валютадағы ипотекалар мен тұтынушылық заемдардың жалпы көлемі бізде шамамен 440 миллиард теңгені құрайды, бұл 2,5 миллиард долларға жуық. Бұл сонша үлкен сома емес. Ұлттық банк банктермен келісіп, бұл кредиттерді «сатып» алуына болар еді. Әрине, банктер ол заемдарға қызмет көрсетуді ары қарай да жалғастыра береді және қайтарымын қамтамасыз етеді. Бірақ олардың барлығы ағымдағы бағам бойынша, доллардан теңгеге аударылуға тиіс. Және содан кейін Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер үшін «жеке тұлғаларға доллармен кредит берілмесін» деген норма бекітуі қажет", - дейді сарапшы.

***

Қазақстан эстрадасында "Қап-қарашка" деген лақап атпен танымал болған әнші Нұржан Керменбаев үйленетін болды. Бұл туралы «Экспресс К» газеті жазады.

Басылымның атап өтуінше, әнші өзінің болашақ жарын бұрын да суреттеп берген болатын: ол қазақы салт-дәстүр жолымен тәрбиеленген қыз болуы керек. Оның қалыңдығы әншінің Тараздағы концертінде танысқан жанкүйері болып шықты. Әншінің болашақ жары одан 6 жас кіші, жас ару енді ғана 19-ға толған. Жастар тойларын көктемде жасауды жоспарлап отыр.