Еуроодақ АҚШ-тан әкелінетін көліктерге баж салығын алып тастайды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамппен жасалған сауда келісімі аясында Еуроодақ америкалық автокөліктерге «нөлдік тариф» енгізуге көшетінін мәлімдеді, деп хабарлайды DW.

Еуроодақ пен АҚШ арасындағы сауда келісімінің көптеген егжей-тегжейі әлі жария етілмесе де, болашақта америкалық көліктер Еуропа нарығына кедендік баж салығынсыз кіргізілетін болады. Бұл келісімге Дональд Трамппен Шотландияда өткен келіссөздер барысында қол жеткізілгенін ЕО өкілі Брюссельде растады, деп хабарлайды dpa агенттігі 28 шілде, дүйсенбі күні.
— Біз нөлдік тарифке көшуге дайынбыз, — деді Еурокомиссия өкілі.
Оның айтуынша, қазіргі кезде күшінде тұрған 10% кедендік баж салығын алып тастау үшін АҚШ өз тарапынан келісімнің шарттарын орындап, ЕО-дан келетін көліктерге салынатын 27,5% тарифті 15%-ға дейін төмендетуі тиіс.
Dpa агенттігі атап өткендей, мұндай жеңілдіктер еуропалық автокөлік өндірушілер үшін бәсекелестіктің күшеюіне алып келеді. Алайда Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, егер келісімге қол жеткізілмегенде, 1 тамыздан бастап АҚШ ЕО-дан келетін көліктерге 30% баж салығын енгізетін еді.
Айта кетейік, кеше Трамп пен фон дер Ляйен Шотландияның батысындағы Тернберри қаласында кездесіп, ЕО өнімдеріне 15% көлеміндегі тариф енгізуді көздейтін сауда келісіміне қол жеткізген болатын.