Еуроодақ Иран мен Израильді келіссөз үстеліне отыруға үндеді

АСТАНА.KAZINFORM — Еуропалық дипломатия басшысы Кая Каллас Иран мен Израиль арасындағы өзара соққыларға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Анадолы агенттігі мәлім етті.

Еуроодақ Иран мен Израильді келіссөз үстеліне отыруға үндеді
Фото: Анадолы

Таяу Шығыс өңіріне дипломатиялық келіссөздер қажет, сондай-ақ шиеленісті бәсеңдету маңызды. Бұл туралы Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Каллас Иран мен Израиль арасындағы соңғы соққы алмасу жағдайына байланысты мәлімдеді.

— Менің ойымша, өңірге эскалация емес, керісінше тараптардың келіссөз үстеліне отырып, ортақ мәмілеге келуі қажет, — деді Каллас.

Еуродипломатия басшысы Иран мен АҚШ арасында Ормуз бұғазы мәселесі бойынша келісімге қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ ол Еуропалық Одақ атысты тоқтату келісімі орнағаннан кейін теңіз тасымалын сүйемелдеуге үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

— Біз екі тараппен де байланыстамыз және атысты тоқтатудың аса маңызды екенін жеткізуге тырысып жатырмыз, — деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас Пәкістанға ресми сапармен барғанын жаздық.