Еуроодақ Қырғызстан әуе компанияларына қойған шектеуін алып тастады
АСТАНА. KAZINFORM - Қырғызстан Еуропалық Одақтың авиациялық қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін әуе тасымалдаушыларының «қара тізімінен» ресми түрде шығарылды.
Осылайша елге қатысты 20 жыл бойы қолданылған шектеу күшін жойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Қырғызстан президенті әкімшілігінің мәліметінше, Еуропалық комиссияның Ұтқырлық және көлік жөніндегі бас дирекциясы республикаға тиісті хабарлама жолдаған.
Құжатта Қырғызстанда сертификатталған барлық әуе компаниясына Еуроодақ елдеріне ұшуға қойылған тыйым толық алынғаны айтылған.
Бұл шешім 2026 жылғы 19-21 мамыр аралығында өткен ЕО-ның Ұшу қауіпсіздігі комитетінің (ASC) отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Ол алдағы уақытта Еуропалық комиссияның арнайы регламентімен рәсімделеді.
Қырғызстан 2006 жылдан бері аталған тізімде болған.
Президент әкімшілігінің хабарлауынша, соңғы жылдары елде азаматтық авиация саласын жаңғыртуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді.
– Соңғы жылдары елде азаматтық авиацияны реформалау, ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылауды күшейту және ұлттық жүйені ICAO халықаралық стандарттарына сәйкестендіру бағытында жүйелі жұмыс атқарылды, – делінген хабарламада.
Қырғызстанда шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастыруға соңғы мүмкіндік берілгені туралы жаздық.