Еуроодақ көшбасшылары БҰҰ Бас хатшысымен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Брюссель қаласына барып, Еуропалық одаққа мүше 27 елдің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы меншікті тілшісі.

Брюссельде өтетін ЕО саммиті: Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер
Фото: Анадолы

Кездесу барысында халықаралық қауіпсіздік, көпжақты ынтымақтастық және жаһандық тұрақтылық мәселелері талқыланды.

Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық тәртіпті сақтаудағы маңызын атап өтті.

– Қазіргі тұрақсыз кезеңде халықаралық ережелерге негізделген тәртіпті қорғау, көпжақты ынтымақтастықты қолдау және БҰҰ қызметін күшейту бұрынғыдан да маңызды. Бүгінде көптеген халықаралық ойыншылар қалыптасқан тәртіпке сын-тегеурін жасап отыр. Алайда халықаралық ережелерге негізделген жүйеге балама жоқ. Еуропалық одақ БҰҰ-ға жан-жақты қолдау көрсете береді, – деді ол.

Кездесуде әлемдік саясаттағы өзекті мәселелер мен халықаралық ұйымдардың рөлін күшейту жолдары да қарастырылды.

Еуроодақ саммитінде талқыланған басқа мәселелер туралы кейінірек хабарланады.

Бұған дейін БҰҰ Израильдің Ливанға жасаған кейбір соққылары әскери қылмыс болуы мүмкін екенін хабарлаған.