Еуроодаққа төрағалық етуші Испания «Бостандық флотилиясына» жасаған шабуылы үшін Израильды айыптады

БРЮССЕЛЬ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодаққа төрағалық етуші Испания Газа секторына гуманитарлық жүкпен бара жатқан «Бостандық флотилиясына» жасаған шабуылы үшін Израильды айыптады. Испания үкіметінің төрағасы Хосе Луис Родригес Сапатеро орын алған бұл оқиғаны «күрделі және көңіл алаңдатарлық жайт» деп мазмұндады.
None
None

Испанияның Еуропа мәселелері жөніндегі министрі Диего Лопез Гарридо бұл оқиғаны айыптай келе, адам құрбандықтарына әкелген Израиль тарапының бұл әрекеті өрескел екенін атады. «Біз, әрине, осынау оқиғаның тексерілу барысын қадағалайтын боламыз», деді ол.

Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон өз кезегінде бұл оқиғаға қатысты: «... мен таңертең Израильдың сыртқы істер министрі Авигдор Либерманмен сөйлестім және орын алған қайғылы оқиғаға қатысты біздің терең алаңдаушылығымызды жеткіздім. Израиль тарапы орын алған оқиғаның мән-жайын дереу тексеруі керек екенін айттым», деді. К.Эштон сондай-ақ, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты және Газа сеторына гуманитарлық көмек көрсету үшін Израильды барлық өткізу бекеттерін ашуға шақырды.

Әлемдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, құқық қорғаушылар мінген және гуманитарлық жүк тиелген жеті кеме ХАМАС қозғалысы билікке келгелі бері Израиль әскерилері қоршауға алған Газа секторына өтпек болған. Мамырдың 31-іне қараған түні Израиль арнаулы жасағы кемелерге шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан ондаған адам қаза болған.

Соңғы жаңалықтар