Еуроодақтың Жоғары өкілі Гаитиде қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты
БРЮССЕЛЬ. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштон ханым, Гаитиде испандық тікұшақтың апатында қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Гаитидегі тікұшақ апатында төрт испандық жауынгердің қаза болғаны туралы хабарға қайғырып отырмын, қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамын», делінген көңіл айту хатында.
Bell AB-212 тікұшағы жұма, сәуірдің 16-сы күні Гаитидің елордасы -Порт-о-Пренс қаласынан 50 шақырымдай жерде, Доминикан Республикасымен шекараға жақын маңда апатқа ұшыраған болатын. Тікұшақ Гаитидегі испандық «Эспаньола» гуманитарлық миссиясының құрамына кірген және оның базасы Испания әскери-теңіз флотының «Кастилия» десанттық кемесінде болған.
Қаза болған испандық әскерилер зілзаладан зардап шеккен Гаитиді қалпына келтіруге атсалысып жатқан.